Атырауда ағаштар не үшін кесіледі?
«Атырауинжстрой» ЖШС Азаттық даңғылын қайта құру барысында кесілетін ағаштардың орнына өтемдік ағаш отырғызуды қолға алды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Қалада көшелерді кеңейту жұмыстарының жүргізілуіне орай ағаштарды бір орыннан екінші орынға көшіріп егу жұмыстары қолға алынбақ. Осы ретте «Атырауинжстрой» ЖШС әрбір ағашқа зақым келтірмейміз деп отыр.
«Тапсырыс беруші Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ЖК және АЖ бөлімімен жасақталған келісімшарт аясында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аумақ жан-жақты зерделенді, 66 ағашты кесіп, 15 ағашты көшіру туралы шешім қабылданды. Тапсырыс берушінің қолдауымен біз мүмкіндігінше ағашты көптеп көшіруді жоспарладық. Бірақ бұл аумақтағы қолданыстағы желілерге иелік ететін коммуналдық мекемелер қарсы болды. Өйткені коммуникациялар талдардың тамырларына жақын орналасқандықтан, оларды қазып алу кезінде желілерге зиян тиюі мүмкін», - делінген хабарламада.
Қолмен көшіруге келетін талдарды қазып алып, Азаттық даңғылы бойындағы көрші аумақтарға қайта егу көзделген. Жол құрылысы барысында мұндай тәжірибе бұған дейін сәтті жүзеге асырылыпты. Былтыр Әуезов айналма жолының жөндеу алаңында кесілуі тиіс ағаштардың ішінен 38 түп ағаш сәтті ауыстырылған.
Келісімшарт негізінде, қосалқы мердігер – «Каспийдормостострой» ЖШС ағаштарды ауыстыру мен жаңадан егу жұмыстарын жүргізеді және алдағы 2 жыл бойы баптап, өсуін қадағалайды.
Компания кесілген 1 талдың орнына жобалық сметалық құжатта көрсетілгендей 5 көшет емес, одан екі есе көп, яғни 10 түп егуді шешті. Осылайша, С.Датов көшесі бойы мен «Балықшы» шағынауданы Байжігітов көшесі бойындағы жағалау аумағы абаттандырылады.
Мира НҰРТАЕВА