Атырауда 900 орындық студенттік жатақхана салынады

Атырау қаласындағы  Х.Досмұхамедов атындағы университет студенттері үшін жаңа жатақхана салынбақ. Қазір жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, 900 орынға шақталған студенттер жатақханасы салынады. Бұл туралы ол Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім етті.

«Жатақхана салу үшін қазан айынан бастап жоба жасақтауға кірістік. Оның іші қазіргі заманға сай толық жабдықталып, студенттер үшін қажеттінің барлығы болады. Қазір  Х.Досмұхамедов атындағы университет ректорымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз», - деді Н.Құсайынов.

Естеріңізге салайық, биыл Х.Досмұхамедов атындағы университеттің №2 жатақханасы апатты деп танылған. Өйткені 1972 жылы салынған ғимараттың қабырғасына сызат түсіп, студенттердің өміріне қауіп төндірді. Енді жаңа ғимарат ескі жатақхананың орнында бой көтереді. Оның неше қабат болатыны және аумағы әзірге белгісіз.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйлә Қойшығұлованың айтуынша, қазір оқу орны тарапынан инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде.

«Жатақхана құрылысының жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. Қазір қаржы көзін қарастырудамыз. Жылдың соңына қарай апатты жатақхана мен ескі оқу корпусы да бұзылады», - деді  Ләйлә Қойшығұлова.

Апатты ғимаратта тұрған студенттер «Дана» қонақүйі мен С.Өтебаев атындағы мұнай және газ университетінің  жатақханасына орналастырылды. Бұдан бөлек, жоғары оқу орнының студенттері 450 және 250 орындық  екі жатақханада тұрып жатыр. Жалпы университетте 7 мың 500 студент оқыса, оның 1100-і жатын орынмен қамтылған.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Фото: freepik.com