Жол апаты бүгін, 18 шілде күні сағат 15:30 шамасында Атырау-Индер тас жолының 123 шақырымы тұсында болды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Атырау-Индер тас жолының 123 шақырымы тұсында Toyota Camry және КамАЗ жүк көлігі соқтығысты. Соның салдарынан Toyota Camry автокөлігінің 3 жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды, ал жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Бір отбасының мүшелері апат орнында көз жұмды. Көлікте отырған әйел, оның 1 және 15 жастағы қыздары қаза болды. Олар Батыс Қазақстан облысының тұрғындары.
Осы ретте Индер ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы полиция подполковнигі Батырбек Қайыржанов жол ережесін қатаң сақтау қажеттігін баса айтты.
- Құрметті тұрғындар, жолаушылар, жол қозғалысының қатысушылары! Кез-келген жағдайда жол қауіпсіздігін сақтау қажеттігін ескертеміз. Ауа райы жауын-шашын болған жағдайда жылдамдықты шамадан тыс асырмай, көліктер арасындағы арақашықтықты сақтаңыздар. Уақыт үнемдеу мақсатында көлік жылдамдығын асырудың құнын өміріңізбен өлшемеңіз! – деп ескертті Батырбек Қайыржанов.
Фотоны жолаушылар түсірген
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА