Жаңа жылды бірдей уақытта қарсы аламыз

Елімізде бірыңғай уақыт енгізілгелі тек оң өзгерістер ғана орын алып отыр деп ойлаймын. Ал, ең басты ерекшелік, бұл – биыл алғаш рет Жаңа жылды бір сағатта бүкіл ел болып қарсы алуымыз.

Осының өзі берекелі бірлік пен тату тірлікке үндейтін маңызды аспект. Себебі, өзіміздің Атырауды алсақ, біздер Жаңа жылды бір сағат ерте қарсы алып, артынан Президенттің ресми құттықтауын тағатсыз күтіп отырушы едік қой. Енді бәрі де бір мезгілде болады. Осылайша, жаңа уақыт ырыс пен ынтымақтың символына айналып отыр.

Бұдан бөлек, атыраулықтар бұрын ұзақ жолға шығарда көлік болсын, пойыз болсын, ұшақ болсын, қай-қайсысына да мінерде Астана мен Атырау уақытын салыстырып әлек болатын еді. Енді сапарға еш алаңсыз емін-еркін шыға беретін болды. Ешкім сағатқа үңіліп, бас ауыртпайды. Бұл да еліміздің батыс өңірлеріндегі тұрғындар үшін өте қолайлы жағдай туғызып отырғанын жоққа шығара алмаймыз.

Ал, енді сағат тілі сәл артқа шегінген өңірлерге келсек, онда да бірқатар артықшылықтар мен жеңілдіктер баршылық. Айталық, оқушылар мектепке немесе ересектер жұмысқа ұйқыларын қандырып бір сағат кеш барады. Сөйтіп, жұмыс жасау қабілеттігін аз да болса арттыра түседі. Мұны психологтардың өзі мойындап отыр.

Қалай болғанда да, өмір бір орында тұрмайды. Өзгерістер өмірден туындайды. Қоғам жаңармаса, дамудың даңғыл жолына түсе алмайды. Сондықтан қандайма реформалар қолға алынса да, оның оң жақтарын ескеріп, жаңашылдыққа ұмтылу қажет деп санаймын. Осы орайда, жаңа уақыт белдеуі де халық арасында әллі де болса өз тиімділігін танытады деп сенемін.

Әділет ҚАНАТҰЛЫ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 2-курс студенті