СҮЙІНШІ! АТЫРАУДА МЕДИЦИНАЛЫҚ МЕКЕМЕЛЕР КӨБЕЙМЕК

"Мұнайлы астанада" жаңа емдеу орталықтары бой көтермек, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Президент Жолдауы медициналық қызметтік сапасына көп сын айтатын Атырау жұртына маңызды жаңалық болғаны анық. Əсіресе, науқас адамды сарсаңға салып қоятын медициналық сақтандыру жүйесін ретке келтіретін уақыт жетті. Сондықтан, мемлекет басшысы бұл олқылықты көре біліп, ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қажеттігін баса айтты. Əрине, бұл бастаманың өз жемісін береріне сенеміз. Өйткені, медициналық қызмет алдымен сапалы, əрі кез-келген қазақстандық азамат үшін қолжетімді болуы шарт. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мəлімдегендей, өңірде емханасыз елді мекен жоқ. Шағын ауылдарда кем дегенде медициналық пункттер ашылған.

Бүгінге дейін облыста барлығы 147 медициналық мекеме болса, алдағы бірер жылда олардың қатары көбейе түспек. Олай дейтініміз, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев қаладағы «Өркен» жəне «Нұрсая» шағынаудандары мен ауылдық жерлерде 6 амбулаториялық емхананың салынатынын хабарлады. Мəселен, Атырау қаласындағы «Өркен» мен «Нұрсаяда» бір ауысымда 250 науқас қабылдайтын, құны 58 млн. теңгеге бағаланған емханалардың іргетасы жыл соңына дейін қаланбақшы. Бұдан басқа, Исатай, Жылыой, Қызылқоға жəне Махамбет аудандарына қарасты ауылдық округтерде 6 амбулаториялық емхана бой көтереді. Ал, 2023-2024 жылдары Құрманғазы ауданының Кадырка, Алтыншы, Шағырлы ауылдарынан медициналық пункт, Сүйіндік пен Балқұдықта жəне облыс орталығындағы Алмалы селосынан дəрігерлік амбулатория, Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылынан фельдшерлік амбулатория салу жоспарланған.

Анықтап білсек, облыста халыққа аса қажетті медициналық нысандар саны жыл сайын артып отыратын болыпты. Облыс орталығындағы 250 орындық психикалық денсаулық орталығы, жедел жəрдем станциясы, облыстық онкологиялық диспансер де жаңа нысандар қатарын толықтырады. Инфрақұрылымды дамыту, əсіресе, жаңа типті мекемелер құрылысын бастау биылғы басты міндеттердің бірі екенін айтқан Асхан Мархабайұлы медициналық көмекті одан əрі жетілдіру жəне күнделікті мониторинг жасау үшін облыстық жəне салалық ситуациялық орталықтарын ашу мəселесі туындағанын атап өтті.

– Саланы дамыту үшін алға қойылған бірқатар маңызды жоспарлар бар. Солардың ең алғашқысы – облыста кадр тапшылығын жою бойынша нақты шаралар қабылдау. Екіншіден, инфрақұрылымды дамыту. Үшіншіден, қызметкерлердің біліктілігін арттыру. Біліктілікті арттыру бойынша «Жол картасын» бекіту жəне мамандарды алыс-жақын шетелдерге оқуға жіберу. Төртіншіден, тұрғындарға сапалы əрі қолжетімді медициналық көмекті ұйымдастыру үшін жана жоғары технологиялық көмекті (оталар, емдік шаралар) енгізу, - деді басқарма басшысы.

Салада кемшіліктер көп болса да, жасалып жатқан істерді жоққа шығаруға болмас. Əсіресе, инфрақұрылымды дамытуға да баса назар аударылып отыр. Жуырда Еркінқала ауылдық округінен ашылған дəрігерлік амбулаторияның қосымша корпусы да соның айқын айғағы. Бұған дейін жыл сайын тұрғындар саны артып келе жатқан ауылдық округте дəрігер тапшылығынан бөлек, ғимараттың тарлығы да тұрғындарға қолайсыздық туғызып жүр еді. Енді үлкен ғимарат ішінде міндетті əлеуметтік медициналық сақтандырудан өткен тұрғындар хирург, невропатолог, акушер-гинеколог жəне бала дəрігерінің көмегін тегін алады. Су жаңа ғимарат заманға сай құрылғылармен жабдықталған. «Ақтөбе Транзит Экспедишн» ЖШС іске қосқан бұл əлеуметтік жобаның құны 250 млн. теңгеге жуық екен.

– Амбулаторияға 16 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Сондықтан, бұған дейін ғимараттың тапшылығы сезілгені рас. Ал, жаңа ғимараттың ашылуы бұл мəселені түбегейлі жойды. Басты мақсатымыз – тұрғындарға сапалы əрі қолжетімді медициналық көмек көрсету, - деді дəрігерлік амбулатория директоры Ербол Меңдіғалиев.

Тұрғындар амбулаторияның көлемі үлкейгенімен, салалық мамандар қажеттігін айтады. Себебі, еркінқалалықтар жүрек сыздай қалса кардиологқа қаралу үшін де, тамағы мен құлағы ауырса лор-дəрігерге көріну үшін де қалаға сабылып жүреді. Сондықтан, ауыл тұрғындарының «келесі кезекте мамандар мəселесі шешімін тапса» деген өтініші бар. Əлеуметтік нысанға деген сұраныс жергілікті тұрғындар санының артуымен байланысты. Жолдауда айтылған мəселенің маңыздылығы да осында. Мəселен, тіркелушілерінің саны көп Атырау қалалық №1 емхананың жүктемесі биыл анағұрлым арта түскен. Өйткені, бүгінде 55 мыңға жуық тіркелуші медициналық мекеменің көмегіне жүгінеді. Былтырғымен салыстырғанда, биыл олардың қатары 1,01%-ға көбейген. Мұның себебі де жоқ емес.

– Бұл емханада тіркелгендердің саны көп. Оған жаңа құрылыс нысандарының көп салынуы жəне халықтың емханаға өз еркімен тіркелуі себеп. Сондай-ақ, үй жағдайында емделушілердің саны азайып, емханаға келіп ем-дом шараларын жүргізетін тұрғындардың саны артып отыр. Негізінен емханаға «Нұрсая», «Авангард», «Сарықамыс», «Лесхоз» шағынаудандары қарайды, - деді Əсия Төлегенқызы.

Мекеме басшысы емхананың медицина кадрларын үздіксіз кəсіби дамыту, біліктілігін арттыру, заманға сай технологияларға бағдарланған негізде қайта даярлау басты назарда екенін де айтты.