Шортанбайда жаңа жобалар қолға алынбақ

Шортанбай ауылына балалар ойын алаңы және ауылдың кіреберісіне кірме арка салынуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

20 қараша күні Шортанбай ауылдық округі әкімінің халық алдында есеп беруі тыңдалды. Есеп беру жиынына аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Хасанов, мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева, бөлім басшылары қатысты. Аудан әкімінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, аталған ауылдық округте өткен есеп беру жиынына арнайы қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы М.Хасанов жергілікті тұрғындарды ауданда атқарылған жұмыстардан хабардар етіп, алдағы уақытта қолға алынған жоспардағы жобаларға да кеңінен тоқталып өтті.

Сонымен қатар ол халықтың жекелеген пікірін де назардан тыс қалдырмай жеке қабылдап, көкейлерінде жүрген сұрақтар мен мәселелерге жауап берді. Шортанбай ауылдық округі бойынша жасалған жұмыстарды тарқатып айтар болсақ, Жасталап ауылындағы дәрігерлік пункттің құрылысы толықтай аяқталды. Ағымдағы жылдың қараша айында тапсырылады деп күтілуде. Көше жарығын күтіп ұстау бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, жеңімпаз жеке кәсіпкер С.Хабибуллинмен келісімшарт жасақталды. Келісімшартқа сәйкес 50 дана заманауи жарық шамдар орнатылған. Шортанбай ауылына балалар ойын алаңы және ауылдың кіреберісіне кірме арка демеушілік негізде «КазМұнайГаз - Бұрғылау» мекемесі арқылы салынуда. Жыл аяғына дейін бітіріп, қолданысқа беріледі деп күтілуде. Жасталап ауылының апаттық жағдайда тұрған ескі үй құрылысы бұзылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ