Қоғамдық қабылдау барысында тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты сұрақтарға жауап берілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мекеме азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиімді жүйесін және кәсіпкерлік субъектілерінің тұтынушылар алдындағы міндеттерін тиісінше орындауын қамтамасыз ету бойынша жұмыс істейді. Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, тұрғындар көбіне дүкеннен, өндірушіден сапасыз техника, жиһаз алып қойғанда және олардың қызметіне көңілі толмағанда, азық-түлік бағасына көп шағымданады екен.
- Біз тұтынушы мен саудагердің арасындағы түсініспеушілікті сотқа жеткізбей, түсіндірме жұмыстары арқылы ортақ шешім тауып береміз. Сонымен қатар сауда орталықтарын, базарларды, супермаркеттерді және тағы басқа да сауда орындарында бағаларды, инфляцияны бақылап, тексереміз. Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрінің бағасын бақылаймыз. Кәсіпкерлер бағасын көтерген жағдайда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көрсетілгендей ескерту жасап, бағынбаған жағдайда айыппұл саламыз. Көбіне бұған жеткізбей мәселені шешеміз, - деді Атырау облысының сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Еркебұлан Тағашов.
Айта кетейік, тұтынушылар арыздарын e-Gov сайтынан e-Otinish арқылы бере алады немесе С.Бейбарыс даңғылы 500 мекенжайына барып тапсыра алады. Жыл басынан бері департаментке тұтынушылардың құқығын қорғау бағытында 189 арыз түскен.