Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев Сарайшық ауылында шешімін тапқан маңызды мәселелерді атап өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
– Өздеріңізге мәлім, Ортағасырлық Сарайшық тарихи орны – республикалық дәрежеде назар аударылып отырған бірден бір аймақ. Бұл жөнінде Республикамыздың ғалымдары мен тарихшылары жиі айтуда, - дейді ол. – 2023 жылы облыс әкімінің шешімімен Ескі Сарайшық аумағы қорғау аймағы болып бекітілді. Осыған сәйкес қазіргі уақытта Ескі Сарайшық ауылындағы қазба орындарына кірме жолын салу жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан басқа, аудан әкімдігімен 2023 жылдың қазан айында Сарайшық ауылында 10,1 км автомобиль жолының құрылысы басталды. Бұл жұмыстар бұйырса биыл толықтай аяқталады. Қосымша аталған жобаға биылғы жылы Ескі Сарайшық ауылының ауылішілік 630 метр автомобиль жолын салу қосылды, жұмыстар сәуір айында жалғасатын болады.
Тағы бір ескеретін жайт Ескі Сарайшық ауылының 87 үйін көшіру мәселесіне байланысты жол салу әзірге тоқтап тұр. Сарайшық ауылының бас жоспарына сәйкес ауылды көшіруге жаңа жер телімі белгіленді. Тиісті жұмыстар жоспарға сәйкес одан әрі жүргізілетін болады. Ортағасырлық Сарайшық қалашығының жаңғыруына Мемлекеттік деңгейде қабылданған шешімдерге түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Бұл жұмыстардың барлығы Сарайшық тарихи орынын туристтік аймаққа айналдыру бағытында жасалып жатқан дүние.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ