Жылда осы уақытта көбік қардан сусыны қанып тебінде жататын жылқы мен сиыр қазір құдықты жағалап, өрістей алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Себебі қырда су жоқ. Ал аязбен алысып мал суарған малшының азабы айтпаса да түсінікті. Қысты күні мал суарудың азабын біз де бір күн басымыздан өткізіп көрдік. Айтқандай, оның да реті болады екен. Ұсақ мал түске дейін су ішеді, себебі тапалып қалмауы керек. Ірі қара, жылқы, түйе түстен кейін, кешке, қалған суды ғана ішеді. Бұл құдықтардың барлығында да су жеткіліксіз, төрт түлік осындай ретпен кезегімен ішуге мәжбүр. Біз аралап көрген екі қыстақта да осындай жағдай. Өріс алыс, қиырдан зорға жеткен төрт түлік суға қанбай жатыр. Оның үстіне іргедегі өзенді мұз құрсағалы құдықтарда су көзі тартылып барады. 14-15 метр тереңдіктен мотор арқылы тартылған тіршілік нәрі төрт түліктің барлығына жетпейді екен.
Айбек Ақсеренов, малшы:
- 120 бастай сиыр, 3 үйір жылқы құдықтан мотормен су ішеді. Бұл бензинге, басқаға шығын. Мұндай мезгілде далада қар жататын. Су жетпейді кезектестіріп суарамыз.
Темір Аманғалиұлы, қожалық иесі:
- Алыс жерден келеді осылардың барлығы. Күніне бір рет қана ішіп кетеді. Былайша жер жақсы жылдағыға қарағанда. Тек су жоқ, айыбы.
Су тапшылығы Атырау облысына ортақ проблемаға айналып барады. Жерасты су көздерінің аздығынан қазір малшылар скважиналық құдықтар қаздыруға көшкен. Ұңғыма тереңдігі 50 метрден 183 метрге жетеді. Оны арнаулы маманданған мекемелер қазады. Қызмет ақылы.
Тілекқабыл Ғұбайдуллин, облыстық АШБ бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда жерасты суларының қашып кетуіне байланысты әр жерде әртүрлі деңгейде болып жатыр. Әр шаруашылық қазған ұңғымасының 50 пайызын инвестициялық субсидия есебінде алып отырады. Қазіргі таңда 20 млн 100 мыңдай инвестициялық субсидия 11 құдық бойынша шаруагерлерге тиді.
Биыл Қызылқоға ауданы бойынша 170 мыңға жуық қой-ешкі, 19 мыңнан астам жылқы, 2 мыңға жуық түйе және 4 мыңдай сиыр қыстаққа түсті. Олардың басым бөлігі жаз бойы «Ойыл» өзенінен сусындайтын. Енді төрт түлік түгелімен құдықтарға қаңтарылды.