«Қазыналы аймақ Қызылқоға: бүгіні мен болашағы»

Қызылқоға ауданының құрылғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған конференцияда өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары айтылып, облысқа еңбегі сіңген азаматтар марапатталды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Конференцияның негізгі бөлімінде ауданның тумасы, ҚазҰПУ-дың профессоры Болат Жұмағұловтың жетекшілігімен жазылған «Атырау облысының тарихы» атты үш томдық академиялық кітап таныстырылды. Энциклопедиялық туындының тұсауын Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов қиды.Жиында ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиев«Қызылқоға ауданының экономкалық даму кезеңдері» тақырыбында баяндама жасады. Ал Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Кәдірғали Танкиев ауданындағы әлеуметтік-мәдени және білім мен денсаулық сақтау құрылымдарының қалыптасуы мен даму туралы баяндады.

Салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев аудан халқын мерейтоймен құттықтап, еңбек ардагерлерін «Қызылқоға ауданының әлеуметтік – экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапаттады.Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов ауданның экс-әкімдері Әлібек Нәутиев пен Арман Баженовті «Атырау облысы алдындағы еңбегі үшін», Берікқали Сәрсенғалиевті «Шүкір Еркінов атындағы қас батыр» медалімен марапаттады. Облыстың дамуына үлес қосып, ұзақ жылдар бойы түрлі салада қызмет еткен Мақсот Мұқановқа «Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің ел ағасы», Сырым Рысқалиевке «Атырау ардақтысы» алтын төсбелгісі табысталды. Ал аудан әкімі Қанат Әзмұханов «Сұлтан Бейбарыс» орденімен марапатталды.

Бұдан бөлек, шарада Парижде өткен паралимпиада ойындарының жүлдегері Зарина Райфоваға мерекелік медаль тағылып, 500 000 теңгелік сертификат табысталды.