Бүгін Атырауға келген еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары маңызды мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Баспасөз брифингі барысында Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов Президенттің жуырдағы Жолдауын іске асыру бойынша енгізіліп жатқан жаңалықтарға тоқталды.
«Алда тұрған маңызды міндеттер – әр отбасының цифрлық картасын енгізу, жұмыспен қамту мен көші-қонның жаңа саясатын іске асыру, балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту, зейнетақы жүйесін дамыту, арнаулы әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту. Алдымен, карта туралы айтсақ, бұл – мемлекет қамқорлығына мұқтаж жандарға арналған электрондық хабарламалар жүйесі. Яғни, смс-хабарлама арқылы олардың мұқтаждығы расталған кезде шоттарына тиісті төлем аударылады деген сөз. Әзірге пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылуда. Ал, 2025 жылы бұл жүйеге қоғамның барлық саласы қосылады» дейді ол.