Атыраулық мұнайшылар дауыс беріп жатыр

Атырау облысындағы Теңіз кен орнында мұнайшылар дауыс беріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теңіз кен орны Жылыой ауданында орналасқан. Кен орнындағы жобаға тартылған бірнеше компанияда вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнайшылардың дауыс беруі үшін 15 жылжымалы дауыс беру пункті жіберілген.

«Бүгін – тәуелсіз еліміз үшін тарихи күн. Біз вахталық жұмыста жүрсек те, еліміздің ертеңі, балаларымыздың баянды болашағы үшін өз таңдауымызды жасауға келдік. Жаңа, әділетті Қазақстанды құру үшін әркімнің дауысы маңызды екенін білеміз», -дейді «Сенімді құрылыс» компаниясының қызметкері Руслан Салықов.

Бүгін Теңіз кен орнында 14 мыңға жуық сайлаушының дауыс беруіне жағдай жасалған. Сайлаушылардың арасында еліміздің басқа өңірлерінен келіп, жұмыс істеп жүргендер де бар. Мұнайшылар аудан орталығынан жеткізілген жылжымалы пункттерде өз таңдауын жасап жатыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мұнай-газ саласында жұмыс істейтін мұнайшылар 5 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр. Ал, 39 сайлау учаскесі өндіріс орнына барып, мұнайшылардың дауыс беруін ұйымдастырады.

Сондай-ақ, Атырау облысында «Қашаған» кенішіндегі мұнайшылар дауыс берді. Солтүстік Каспий жобасы операторы – NCOC компаниясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Самал» вахталық кентінде және D аралында, «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысында, сондай-ақ, теңіздегі кешенде жұмыс істейтін қызметкерлер дауыс беріп жатыр. Олар дауыс беретін сайлау учаскесінің саны – 4-еу. Құрлықтағы өндірістік нысанда 3, теңіздегі нысанда 1 сайлау учаскесі бар.

«Қазір NCOC комапниясының құрлықтағы кешенінде 574 адам, Каспий теңізіндегі нысандарында 152 адам жұмыс істейді. Олар өндірістен қол үзбей дауыс бере алады. Бұл – бірдей дауыс беру мүмкіндігі бар мердігер компаниялардың жұмысшыларын есепке алмағандағы көрсеткіш. Ал, мердігер компаниялардағы жұмысшылардың саны – 2067 адам», -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Ауысымдық жұмыстағы қызметкерлер жұмыс кестесін желілік басшысымен келісе отырып, дауыс бере алады. Сайлауға қатысу үшін қызметкерлерге келісілген кесте бойынша жұмыс орнынан кетуге мүмкіндік берілетіндіктен, технологиялық процесс үзілмейді.

«Компанияның теңіздегі және құрлықтағы нысандарындағы дауыс беруге арналған орындар жасырын дауыс беру кабиналарымен жабдықталған. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, көшпелі сайлау комиссиялары дауыс беру күні сайлау бюллетеньдерін беретін орындарды белгілеп, арнайы жәшіктерді орнатты. «Қашаған» кен орнының теңіздегі нысанында дауыс беруді ұйымдастыру үшін сайлау күні көшпелі сайлау комиссиясы тасымалданатын жәшіктерді жеткізді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты теңіз нысанына дауыс беру жәшігін жеткізуге әуе кемесі тартылды», -деп мәлім етті компанияның баспасөз қызметінен.