Атыраулық аналарға алтын және күміс алқалар табысталды

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 15 тамыздағы №623 Жарлығымен Атырау қаласы бойынша 19 ана «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мемлекеттік наградаларды қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов табыстады.

- Мемлекет отбасы институтын дамыту жолында жұмыстар істеуде, барынша қолдау танытуда. Сіздер үйдің де, түздің де шаруасын қатар алып жүріп, қаламыздың дамуына өзіндік үлестеріңізді қосып келесіздер. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген көп балалы аналар қауымы ел ертеңіне нәр, тіршілігіне әр беріп келеді. Біздің халық әрқашан отбасы құндылығын жоғары қойған. Отбасының алтын діңгегі болып, тағылымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіздер. Сіздерге еңбектеріңізге табыс, қажымас қайрат, зор денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік пен бақыт тілеймін. Марапаттарыңыз құтты болсын, - деді Н.Ермұханов. 

Жиында «Күміс алқа» иегерлері алдағы уақытта «Алтын алқаға» да қол жеткізетіндерін айтып, бір-біріне жылы лебіздерін білдірді.