Атырауда «Қолайлы мектеп» жобасы қолға алынды

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Ұстаздар күні» мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысып, ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасына сәйкес «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ұстаздар мен балаларға жағдай жасау үшін қомақты қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Мектептің сырты, құрал-жабдығы жақсы болғанымен, ішін де ойлауымыз керек. Ал «іші» дегеніміз - осы отырған ұстаздар. Еліміздің болашағы адал әрі ұлтжанды ұрпақты тәрбиелейтін - мұғалім. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызға алғысымды білдіремін. Әр баланы тұлға етіп тәрбиелеуде сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз,-деді Серік Шәпкенов.

Салтанатты жиында ұстаздық ұлы қызметте шәкірт тәрбиелеуден жалықпаған, білім беру ісіне сүбелі үлес қосқан педагогтар «Атырау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Олар Исатай ауданы «Құлыншақ» балабақшасының меңгерушісі Алма Ғибаттуллина, Новобогат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бибігүл Түлеуова, Атырау политехникалық жоғарғы колледжі директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Нұрлы Нұржан.