Атырауда мемлекеттік қызметтегі әйелдер 66 пайызды құрайды

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетовтің төрағалығымен өткен «Заманауи мемлекеттік қызмет: тең жағдайлар мен мүмкіндіктер» атты гендерлік саясат мәселелері аясында өткен дөңгелек үстелде айтылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Е.Ермаханбетовтің айтуынша, Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі - 66% болса, олардың басшы лауазымдар арасындағы үлесі - 27%.

- Республикалық деңгейде мұның өзі де жақсы көрсеткіш. Бұл бағыт бойынша әрі қарай жұмыстарды жалғастырамыз. Әсіресе, мемлекеттік қызметтегі жастардың санын ұлғайту және үлесін арттыру бағытында жұмыстар жүргізіледі. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен бірлескен арнайы меморандум бар, сол жерде мемлекеттік қызмет мектебі ашылды. Бүгінде 41 түлек мемлекеттік қызметте жұмыс істеп отыр. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтармен тығыз байланыста жұмыс жасау қолға алынатын болады. Бұл тұрғыда облыс әкімдігі тарапынан да аталған санатқа тиісті бос орындарға жұмысқа тұрғызу бойынша ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынып отыр, - деді Е.Ермаханбетов.

Жиын барысында Атырау облысы әкімі аппараты басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы басшылық лауазымдағы әйелдердің үлесін арттырып, саяси лауазымдағыларды мансаптық өсіруді атап өтсе, Атырау облысы бойынша Әйелдер күштері Альянсы, «Саясаткер әйелдер клубының» төрайымы Нұрлы Айтиева гендерлік теңдікті ілгерілете отырып, әйелдердің мүмкіндігін арттыру қажеттігін айтты.

Сондай-ақ ол қазіргі уақытта 18 мемлекеттік қызметші икемді жұмыс кестесін пайдаланса, оның 72%-ы әйелдер екенін, бұл оларға кәсіби міндеттерді жеке өмірімен тиімді үйлестіруге мүмкіндік беретіндігін, сондай-ақ мемлекеттік қызметте мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де тең еңбек жағдайлары мен мансаптық өсу мүмкіндіктері қарастырылғанын, мемлекеттік қызметте 30-ға жауық мүмкіндігі шектеулі жандардың да қызмет атқарып отырғанын атап өтті.

Жиын соңында әйелдердің басқару жүйесін барынша ұлғайту жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан қалыптасқан кадрлық резервтер болған болса, солардың тізімін алып, мемлекеттік қызметке оқыту немесе тарту бойынша жұмыстар жүргізілмек.