Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандарды сауда орталығына кіргізбеген
«Biz de adambyz» қоғамдық қорының қоғамдық орындарға жүргізген мониторингі кезінде мүмкіндігі шектеулі жандардың сауда орталықтарына кіре алмағаны анықталған, деп хабарлайды Kazinform.
Жоба қатысушыларының айтуынша, олар барған сауда орталығында пандус жоқ. Бірақ мүгедектер арбасына арналған арнайы көтергіш қарастырылған.
- Біз қызметкерді шақыру түймесін бастық. Ол сауда орталығынан арба көтергішті іске қосатын қызметкерді шақыруға арналған. Бірақ алдымыздан күзетші әйел шығып, кірмей-ақ қоюымызды сұрады, - деді жоба ұйымдастырушылары.
Арбаға таңылған бір топ адамды көре тұра кірмеуін өтінген күзетші әйел сұрақтаға жауап берместен қайта кіріп кеткен.
- Біз қоғамдық орындарды аптасына орта есеппен үш рет бақылаймыз. Атырау қаласы бойынша 700-ден астам нысанға мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында осындай жағдайлар 70-75 рет кездесті, - деді «Biz de adambyz» қоғамдық қорының «Кедергісіз Атырау» жобасының үйлестірушісі Әмір Талапов.