Атырауда 410 мыңға жуық сайлаушы тіркелді

Мұнайлы мекен тұрғындары үшін 261 сайлау учаскесі бекітілген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Алдағы 20 қарашаға тағайындалған ҚР Президентінің  кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы арнайы анықтама таратты. Оған сүйенсек, еліміздің орталық сайлау комиссиясы негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіткен.

Сонымен, облыс бойынша 270 сайлау комиссиясында (9 аумақтық, 261 учаскелік), 1966 мүшесі жұмыс атқарады. Жабық учаскелер саны – 11. Оның тоғызы - денсаулық сақтау саласы обьектілері, біреуі – әскери бөлім, қалғаны – уақытша қамау изоляторы. Комиссия мүшелерінің 1306-сы – саяси партиялармен, қалғаны – қоғамдық бірлестіктермен ұсынылып сайланғандар.

Сайлау комиссияларының құрамдары мен орналасқан орындары, сайлау учаскелерінің шекаралары www.atyrau.gov.kz сайтында және облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттеріне жарияланған.

Комиссия мүшелері үшін биылғы 3-28 қазан аралығында «ҚР Президентінің сайлауын ұйымдастыру кезеңіндегі сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» атты оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Оқу каскадтық әдіспен барлық комиссия мүшесін қамтыды. Бұдан бөлек, барлығы да ҚР ОСК-ның қашықтықтан оқыту курстарын оқып, сертификат алды.

Әкімдіктермен сайлаушылар тізімін нақтылау жұмыстары жүргізілді. Азаматтарды ақпараттандыру бағытында Call-орталықтары жұмыс жасауда. Telegram каналының SailauAtyrauBot чаты, интернет-сайт арқылы тұрғындар өздерінің қай учаскеде тіркелегендігін біледі.

Әкімдіктер биылғы 30 қазанға дейін сайлаушылар тізімін акт бойынша барлық учаскелік сайлау комиссияларына тапсырды. Олардың аймақтағы саны 409 949 адамды құрады. Ішінде өз өтініштеріне сәйкес тізімге енгізілген өзге өңірлерден 12956 сайлаушы бар.

Сайлаушылар 4 қарашадан бастап азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған учаскелердегi тізіммен танысуда. Олаға тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар жөнiндегi деректердiң дұрыстығын тексеру мүмкiндiгi берiлген. Осы орайда, әр азамат деректердегі қателіктер үшiн шағымдануға құқылы. Сондай-ақ, дауыс беру орны мен уақыты туралы да хабарламалар берілді.

Азаматтарға дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері берілуде. Бұл жұмыстар алдағы 19 қараша сағат 18.00-ге дейін жалғасады Ал, бүгінге, яғни, 15 қарашаға дейін 336 сайлаушы куәлік алған.

Сайлау комиссиялары материалдық-техникалық жабдықтармен толықтай қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да барлық жағдай жасалады. Сайлау бюллетеньдері 17-18 қарашада учаскелік комиссияларға жеткізіледі. 165 учаскеде сайлаушыларды тұрғылықты жері бойынша іздеу, облыс орталығының бес учаскесінде тұрақты тіркеусіз сайлаушыларды тіркеу жұмыстары жүреді.

ОСК-нің эскизі бойынша облыс елді-мекендеріне 146 ақпараттық  бильборд, сайлау учаскелері орналасқан 270 ғимаратқа 538 банер ілінді. Биыл 21 қазан сағат 18.00-ден кейін басталған сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 19 қараша сағат 00-00-ге дейін жалғасады. Атырау облысы бойынша кандидаттарға сайлаушылармен кездесу үшін 88 үй-жай белгіленді. Ал, үгіттік баспа материалдары үшін 144 орын белгіленіп, стендер, тақта, тұғырлықтармен жабдықталды. Сайлауға қатысты материалдар аумақтық сайлау комиссияларының atyrau.gov.kz сайтында орналастырылуда.

Өңірде 15 қарашадағы жағдайымен алсақ, кандидаттардың 784 сенімді өкілі тіркелген. Облыста ЕҚЫҰ-ның ұзақ мерзімді екі халықаралық байқаушысы жұмыс жасауда. Атырау мемлекеттік университетінен оларға жәрдемдесу орталығы ашылған.

Дауыс беру 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша 07-00-ден 20-00-ге дейін өтеді (Атырау қаласында №5546 әскери бөлімде орналасқан №75 сайлау учаскесінде дауыс беру сағат 06.00-де басталады).

Әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша дауыстарды санау нәтижелері аумақтық комиссиялардың отырыстарында белгіленеді және ОСК-ға 22 қарашадан кешіктірілмей екі күндік мерзімде жеткізіледі.

Анықтама үшін айта кетейік, Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының байланыс телефоны – 956638, 956653, 354461, интернет-сайт – atyrau.gov.kz және tic_atr_obl@saylau.kz