Атаулы әлеуметтік көмек қалай күшейтіледі?

Тамара Дүйсенова облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарларымен және өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшыларымен кеңес өткізді.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ хабарлады. Еңбекминінің басшысы биылғы 10 айдағы әлеуметтік-еңбек саласындағы жұмысты қорытындылап, сондай-ақ, 2023 жылдан бастап халыққа арналған атаулы әлеуметтік көмек қалай күшейтілетінін айтты.

Іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері, Еңбекмині комитеттерінің, департаменттерінің және бағынысты ұйымдарының басшылары, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, сондай-ақ еңбек инспекциясы басқармаларының басшылары қатысты.

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсету туралы айта отырып, Тамара Дүйсенова келесі жылдан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы (әлеуметтік топтама) монетизациялау есебінен табысы аз отбасылардың балаларына әлеуметтік қолдау күшейтілетінін хабарлады.

«2023 жылы АӘК беруге 73,9 млрд теңге бөлу жоспарланған, оның ішінде республикалық бюджетте отбасының әрбір мүшесіне тікелей атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 59 млрд теңге және әлеуметтік топтаманың орнына ақшалай төлемдерге тағы 9,5 млрд теңге көзделген. Бұл ата-аналарға балалардың жеке қажеттіліктеріне қарай керекті тауарларды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді», – деді министр.

Еңбекминінің басшысы АӘК тағайындау үшін контингент Отбасының цифрлық картасы арқылы анықталатынын, ал төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ арқылы жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл әлеуметтік көмек көрсетудің атаулылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл ретте Еңбекминінің басшысы жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің назарын АӘК алушылардың ішіндегі еңбекке қабілеттілерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту қажеттігіне аударды.

«Біз мұқтаж жандарға әлеуметтік көмекті тікелей көрсететін боламыз, балаларды қолдауды күшейтеміз. Әкімдіктер өз кезегінде еңбекке қабілетті АӘК алушыларды нәтижелі жұмыспен қамтуға тартуды қамтамасыз етуі, еңбек қатынастарының ресімделуін және жұмыс істейтін АӘК алушылар үшін міндетті зейнетақы жарналарының аударылуын бақылауы, сондай-ақ республикалық бюджеттен 80% және жергілікті бюджеттен 20% қоса қаржыландыру үлесінің сақталуын ескере отырып, бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауда ұстауы қажет», – деді министр.

Фото: ҚР Президенті жанындағы ОКҚ