Бүгін Атырау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссиясы және Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің ұйымдастыруымен «АНАШЫМ, МЕНІ ТЫҢДАШЫ!..» акциясы негізінде мерекелік шара өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл шараға ҚР Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясының мүшесі, куратор Ә.Әдиева, Атырау облысының кураторы - Альфия Адиева Дәулетқалиқызы және Атырау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссия төрағасының орынбасары Ажіғалиева Айгүл Теміртасқызы , комиссия мүшелері, ата аналар, ұстаздар, студенттер қатысты.
Наурызнама мерекесімен астасқан шарада 20 наурыз - Ұлттық спорт күніне орай ұлттық ойындар ойналып, жарапазан айтылды. Өнерлі студенттер домбырада күй шертіп, мың бұралған би мен әннен шашу шашылды.
Ана мен қыз бала әлеміндегі сәулелі сырды ашу үшін студенттер қойылым қойып, тақырыпқа назар аударды. “Анашым, мені тыңдашы!.." деп жазылған жүздеген хаттар ортада тұрды. Оны келген қонақтармен бірге ата-аналар да оқып, перзенттерінің алғысқа толы жазбаларына толқыған сезімдерін жасыра алмады.
– Анашым, мені тыңдашы! - деген жобаның авторы мен емес, авторы қоғам. Таңмен тұрып жаңалықты ашып қалғанда неше түрлі сұмдық жаңалықтан, қатігездіктен шошимыз. Мұның түбіне үңілсек, тәрбиенің осалдығы ма деген сұрақ туады. Осы күні ана мен бала арасында диалог жоқ. Ана басқа тілде, қызы басқа тілде сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады. “Сен менімен сөйлеспейсің, ватсапта отырасың” деген баланың ішкі дауысы бар. Соны тыңдай білейік, бір сәтке телефонды қойып, баламызға қарайықшы деген ойдан туған еді, - дейді идея авторы Альфия Адиева.
Мерекелік шараны колледж директоры Айжан Сәрсенқызы қорытындылап, колледжде 1309 қыз бала оқыса, анаға арналған 700 аса хат келгенін айтып, қыз тәрбиесі үшін бұл жобаның маңызы жоғары екеніне тоқталды. Қонақтарға алғыс білдіріп, “Қазақ қызы” әнімен аяқтады.
Сондай-ақ, «Үйшік» мейрамханасы Атырау қаласы Еркінқала селосы, «Нұрлы тал» этноауылы «Құлақ тесу» шарасы өткізілді. Іс-шараны «Атырау облысы әйелдер күштері Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды. Мақсаты - ұмытылып бара жатқан қазақ дәстүріндегі құлақ тесу атты ежелгі ғұрыпты қайта жаңғырту. Наурыз мерекесі қарсаңында балалар үйіндегі тәрбиеленуші қыздардың немесе көп балалы отбасының әлеуметтік осал топтағы 5 жастан 9 жасқа дейінгі 7 қыз балаға құлақ тесу ырымы жасалады. Бұл шарада елге танымал тұлға, жақсы беделге ие халық әйелдерін шақырып, ырым жасап, қыз балаларға ақ бата беру.
Шараға облыстық комиссия мүшелері, саясаткер әйелдер клубының мүшелері, «Томирис» қыз-келіншектер клубының мүшелері, Жастар ресурстық орталығы, студент жастар қатысты.