"Балконнан секіремін" деген атыраулық жұртты дүрліктірді (+ВИДЕО)

Атыраулық полицейлер 5 қабаттан секіргелі тұрған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

9 маусым күні сағат 17:00 шамасында 102 арнасына Авангард мөлтек ауданында орналасқан үйдің 5 қабатынан белгісіз ер азаматтың секіргелі тұрғаны жөнінде хабарлама түскен. Оқиға орнына Атырау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Қадірбек Қуатов, Али Қадыров және учаскелік полиция инспекторы Ануар Құспанов дереу оқиға орнына жетіп, көпқабатты үйдің 1-ші подъезді арқылы 4 қабатқа көтеріліп, аталған азаматтың пәтерінің терезесінен кіріп, ер адамды құтқарып қалған.

Полицейлер құтқарылған ер адамды қауіпсіз жерге шығарып, сөзбен басу айтып тыныштандырған. 1959 жылы туған ер адам отбасылық жанжал әсерінен осындай іс-әрекетке барғаны анықталып,  қазіргі таңда алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ