Атыраулық "шумахер" бала үшін ата-анасы жауап берді (+ВИДЕО)

Көлік құралын тізгіндеген жасөспірімнің ата-анасы жауапкершілкке тартылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

12 мамыр күні сағат 19:35 шамасында Жедел басқару орталығының қызметкерлері Сергек бейнебақылау жүйесі арқылы Әбілхайыр хан даңғылы бойында "KIA" көлігі жолдың қарсы бағытына шыққанын байқап, патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама берген. Тексеру барысында көлік тізгінінде 2006 жылы туған жасөспірімнің отырғаны анықталды. Оған ҚР ӘҚБтК 596-бабының 5-бөлігі бойынша және көлік иесіне 612-баптың 5-бөліміне сәйкес хаттама жасақталды.

"Жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының дені олардың ата-аналарының жауапсыздығынан болып жатады. Сондықтан ең алдымен ата-аналар балаларын бақылауда ұстап, оларға  жолда жүру ережелері мен қағидаларын, оны сақтау талаптарын түсінікті тілмен аракідік айтып отырса, қауіптің алдын алуға бұл да өз септігін тигізері хақ. Ал, полиция департаментінің мамандары өз тарапынан алдын алу және түсіндру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп отырғанын жеткізгім келеді" дейді облыстық полиция департаментінің өкілі Мейірім Ердәулет.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ