Атырауда жол апаттарынан 23 адам қаза тапты
Атырауда жыл басынан бері тас жолдарда 35 жол-көлік оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысы аумағын қиып өтетін республикалық маңызы бар тас жолдарда соңғы бес айда 35 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 23 адам қаза тауып, 54 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің басып озу ережесін бұзуы және жылдамдықты шамадан тыс асыруы болып отыр.
Тас жолдарда жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Атырау облысы ПД жанындағы патрульдік полиция ротасы қызметкерлері қоғам белсенділерімен бірлесіп, әртүрлі рейд жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, қоғам белсенділері тас жолдарда басып озу ережелерін өрескел бұзған көлік жүргізушілерін бейнетаспаға түсіріп, 102 арнасына хабарласу арқылы патрульдік полиция қызметкерлері аталған хабарлама бойынша тиісті іс-шараларды қабылдауда. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ