Атырауда 6511 армениялық, 5253 ресейлік көлік тіркелді (+ВИДЕО)

ҚР Үкіметінің №13 қаулысына сәйкес Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыру 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап іске асып келеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Осы жылдың 1 шілдесінен бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылатынын қаперлеріңізге беремін. Ал, 1 шілдеге дейін өтінім берген көлік иелеріне автокөліктерді заңдастыруға қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда, көрсетілген мерзімнен кейін автокөліктердің заңдастыру құқығы беріледі. Осы ретте, заңдастырудың соңғы күніне орай жергілікті уақыт бойынша сағат кешкі 23:00-ге дейін өтінімдеріңізді жібере аласыздар" дейді әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының басшысы, полиция майоры Жеңіс Дәулетов.

Айта кетейік, 23 қаңтардан бастап атыраулық 12 191 шетелдік көлік иелері темір тұлпарларына мемлекеттік мемлекеттік нөмір алды. Оның ішінде, 5253-і Ресей Федерациясы, 6511-і Армения, 1-еуі Белоруссиядан, 115-і Қырғыстан, 41-і Грузия, 1-еуі Дубайдан әкелінген автокөліктер болса, 22 мамырдан бастап атыраулық 269 шетелдік конструктор көлік иелері мемлекеттік нөмірге ие болды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ