Атырауда 500-ге жуық көлікті айып тұрағына алып кетті (+ВИДЕО)

"Борышкер" іс-шарасы аясында Атырауда айыппұл төлеуден жалтарған 500-ге жуық көлік арнаулы тұраққа қойылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

30 мамыр мен 30 маусым аралығында жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ қолданған жазаны орындамағаны үшін құқық бұзушылар арасында жазаның бұлтартпастығы қағидатын сақтау мақсатында "Борышкер" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жеке сот орындаушылармен және салық комитеттерімен бірлесіп атқарған жұмыс барысында 500-ге жуық автокөлік айыппұлдарын төлемей жүргендері үшін ҚР ӘҚБтК-нің 785-бабына сәйкес арнаулы тұраққа қойылып, ал 700-ге жуық көлік құралдарынан 30 млн теңгеден астам төленбеген айыппұлдары өндіріліп алынды.

- Осы ретте, жүргізушілерге жолда жүру ережесі қағидасы бойынша құқық бұзушылық жасағаннан кейін 7 күн ішінде айыппұлдың 50% -ын төлеуге болатыны жөнінде ескертеміз,- деді Атырау қаласының патрульдік полиция батальонының командирі полиция майоры Дәурен Насиполла.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ