Атырау мұнай өңдеу зауыты маңында өлі балықтар жатыр (+ВИДЕО)
Атыраулық блогерлердің бірі АМӨЗ жанындағы каналда балықтар өліп жатқаны жөнінде бейнежазба жариялаған болатын, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қазір канал бойынан табылған өлі балық бойынша тексеріс жүріп жатқаны белгілі болды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев ресми парақшасында мәлім етті.
– Әлеуметтік желілерде тараған өлі балық видеосы бойынша мән-жайды анықтау мақсатында Атырау облысы бойынша экология департаментінің зертханалық бақылау бөлімінің мамандары “Атырау мұнай өңдеу зауыты” ЖШС-нің артқы жағында орналасқан “Атырау ЖЭС” АҚ-на тиесілі каналдан су сынамасын алды, – деп жазды ол. – Алдын-ала болжамға сәйкес, күннің ыстығына байланысты канал суында оттегінің тапшылығы болуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, Жайық аузынан су алынатын құбырдың басына бірнеше тор қойылған, яғни балықтың өтуі мүмкін емес. Болжам бойынша, каналдың бойындағы балықтар сумен бірге өткен уылдырықтардан дамыған балық болуы мүмкін. Жағдай бақылауда. Қосымша мәліметтер жарияланатын болады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: иллюстратив