Алданған атыраулықтар көшеге шығып шу шығарды (+ВИДЕО)
«Saraishyq Development» тұрғын үй кооперативіне жарты миллиард теңге аударып алданып қалған жүздеген тұрғын орталық Сәтпаев даңғылына жиналып, жергілікті әкімдіктен кінәлілерді жазалап, шығындарын өтеп беруге көмектесуді сұрады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Екі жыл бұрын баспаналы болуға тиісті тұрғындар әлі күнге дейін тіпті салған ақшаларын да ала алмай жүр. Арасында қос пәтер алып, екеуінің де ақшасын алдын ала толықтай төлеп тастағандар да бар екен.
– Мен екі бөлмелі пәтерге 20 миллион теңге салып едім. 2021 жылы жер жарған жарнамасын көріп, арзан бағасына қызығып, Сәтпаев даңғылының бойында орналасқан кеңсеге келдім де, сұраған ақшасын аудардым. Осыдан соң компания өкілдері еш хабарласпастан ізім-ғайым жоғалып кетті, - дейді салымшылардың бірі Эдуард Айтасов.
«Қазанат», «Сарайшық», «Байсанат», «Фэмели таун» кооперативтері құрылысты 2018 бастап кеткен. Ал, оны Атырау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы салымшылар әбден сан соғып, шу шығарған соң ғана заңсыз деп тауып, амалсыз тоқтатқан. Сонда алаңсыз жүріп жатқан құрылыс барысын облыстық әкімдік неге қадағаламаған? Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары қайда қараған? Құрылысқа қалай рұқсат берген? Сонда кез келген қалталы азамат «мен ксәіпкермін» деп емін-еркін жер алып, тұрғын үй салуға халықтан ақша жинай берсе, онда, оған бақылау жүргізе алмайтын басқарма не үшін қажет?
«Аталған құрылыс кешенінде рұқсат құжаттары жоқ. Мемлекеттік құрылыс басқармасына құрылыс монтаж жұмыстарының басталғандығы туралы хабарлама жолдамаған. Алайда облыстық прокуратурасының ұсынысы бойынша аталған құрылыстарға ӘҚБ туралы кодекске сәйкес, жауапкершілікке тартылып, құрылыс тоқтатылды. Сот қаулысы бар. Тұрғындарға сот ісі біткенше, қаулы шыққанша күту керек» дейді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс испекциясы бөлімінің басшысы Рүстем Мәкібаев.
Ал, зейнеткер Сәулеш Шайхиева істі тергеу барысы өте баяу жүріп жатқандығына наразы. Өйткені, құрылыс тоқтағалы полиция тек бр күдіктіні ғана қамауға алған. Ал, қалғандары қайда?
– Үйден үміт жоқ. Себебі, оны салып бітіру енді мүмкін емес. Салымшылар өз ақшасына күзетші жалдап отыр. Соған қарамастан қараусыз жатқан құрылыс нысаны тоналып, әбден күйі кеткен. Ең болмаса, алаяқтық жолмен алынған ақша неге жеделдетіліп қайтарылмайды? Қазір инфляция шарықтап жатыр, ал, біздің миллиондаған ақшамыз құнсызданып барады. Егер обылстық полиция департаменті істі сағызша соза беретін болса, біз салған ақшамызға ертең ескі лашықты да ала алмаймыз ғой? Облыстық әкімдіктегі атқамінер азаматтар неге халықтың жағдайын ойламайды? Міндетті түрде Ақордаға барып аштық жариялауымыз керек пе?
Пәтерлерін ала алмай жүрген жағдайы жоқ, көпбалалы аналар бар. Үйдің шаршы метрі шамамен 130 мың теңге деген соң, барлығымыз алдық. Бізге ақшаны қайтарсын. Егер бұл жолы ақшамыз қайтарылмаса, Бас прокуратураға дейін барамыз. Қазір қарапайым халық өз мәселесін айтуға да сескеніп қалғандай. Себебі, бүгін жанайқайымызды жеткізу үшін жинала қойған едік, дереу Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің маманы жетіп келді. «Митинг өткізуге бомлайды» деген желеумен бізді үйге қайтарғысы келді. Сонда еркін елде өмір сүре отырып өз ойымызды айта алмаймыз ба? – деп ашынады егде жастағы тұрғын.
Облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулеттің айтуынша, тағайындалған сараптамалар күрделі санатқа жататындықтан қол байлап отырғанға ұқсайды. Қазір полиция департаменті бұл іске қатысты екі бірдей баппен іс қозғаған. Әзірге жұртты сан соқтырған төрт бірдей тұрғын үй кешені кооперативінің тек бір басшысы ғана ұсталған.
«Төрт кооперативке қатысты тергеу амалдары ҚК 190-бабы 3-бөлігімен, 85-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бір күдікті қамауда. Сондай-ақ аталған тергеу барысында 9 күрделі сараптама тағайындалған. Қазір тергеу басқармасының мәліметіне сәйкес, былтыр басталған іс аяқталуға жақын. Осы мәселеге байланысты 200-ге жуық арыз түскен. Кооперативтердің құрылтайшыларына қатысты заңды шешім қабылданады. Қамауға алу немесе қандай да бір заңды бағасы беріліп, құқықтық жауапкершлік қарастырылады» дейді полиция өкілі.
Жалдамалы пәтерден пәтерге көшіп шаршаған жұрт енді бұл іске құзырлы органдардың араласуын сұрап отыр.
«Арзан бағада сатылып жатқан соң осы пәтерді алдым. Әлі күнге дейін далада жүрмін, не үй жоқ, не ақша жоқ. Жылдар бойы баспанаға деп ақша жинағанмын, соны қайтаруға тиісті алаяқтар ұсталсын» дейді тағы бір салымшы Айнұр Исатай.
Айта кетейік, наразы топ бұған дейін де талай бас көтерген. Ол кезде Атырау облысы мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасындағылар құрылысты аяқтауға инвестор іздейміз деп уәде берген. Енді «инвестор табу құзырымызға жатпайды» деп жауапкершіліктен жалтарып отыр. Оның үстіне, қас қылғандай күні кеше ғана аталған басқарманың басшысы да ауысып кетті. Енді салымшылар полицияда жатқан арыздардың тез арада сотқа жолданғанын күтіп отыр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: автор
Бейнежазба: almaty.tv