АTPress.kz. 13 қаңтар. Қазақстанның 16 қаласы бойынша Универсиада алауын көтеру құрметіне лайықты тұлғалардың есімі анықталды. Атырау облысы бойынша Универсиада алауын Алматыға жеткізу миссиясы студент қыз Назым Ищановаға тапсырылды.
Назымның кандитатурасы Атыраудағы 60 алаугердің арасынан таңдап алынып отыр. Өйткені, ол - Вьетнамда өткен чемпионаттың әйелдер арасындағы бокстан қола жүлдегері, Қазақстанның төрт дүркін чемпионы және халықаралық жарыстардың алтын медель иегері.
Атырау облысында алау эстафетасы 27 қаңтарда өтеді деп белгіленген. Эстафета екі сатыдан тұрады. Алаугерлердің бірінші тобы алауды Атырау мемлекеттік мұнай және газ университетінен Махамбет атындағы драма театрға дейін алып өтсе, екінші топ драма театрдан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне дейін бағытта жүріп өтеді. Алаугерлердің қатарында Атыраудың мақтан тұтар спортшылары, оқу озаттары, үздік студенттер және қоғам белсенділері бар. Олар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің алдында алауды Назым Ищановаға табыстайтын болады. Осы жерден облыстың және қала әкімдігінің басшылары спортшыларға сәттілік тілеп, шығарып салады. Назым 29 қаңтарда Алматыда өтетін дүниежүзілік қысқы Универсиаданың ашылуына Атыраудың атынан қатысады. Осылайша, әр облыстан таңдалған 16 алау көтеруші Универсиада төрінде алауды бір тостағанда біріктірмек.
Универсиада алауы Қазақстанның 22 мың шақырым жолын жүріп, оның екі жүз шақырымын алау көтерушілер жүріп өтеді деп жоспарланған.
Нұрбейбіт Нұғыманов