Атыраулықтар каратэ шотоканнан әлем чемпиондарын қарсы алды

Атыраулық каратэшілер жүлдемен оралды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

9-11 қыркүйек аралығында Чехияның Пардубице қаласында каратэ WSF бойынша әлем чемпионаты өтті. Жарысқа 32 елден 2000-ға жуық спортшы қатысты. Қазақстан ұлттық құрамасында 30 каратэші болды.


Додаға өңірден қатысқан 7 спортшының барлығы да жеңіс тұғырынан көрінді. Облыс қоржыны 4 алтын, 1 күміс, 2 қоламен толықты. 48 келі салмақ дәрежесінде Алина Сұлтанова, 60 келіде Нұрбек Кенжебай, 61 келі салмақта Файзолла Батырғали, 70 келіде Дамир Нұрбек алтын медальға ие болды. Ал 52 келі салмақ дәрежесінде Ілиясин Ғизатолла күміс медальды қанжығаласа, 54 келі салмақ дәрежесінде Гүлайым Қайрат, 68 келіде Бекнұр Мұратов қола медальді иеленді.  


- Біз бұл чемпионатқа екі ай дайындалдық. Бұл жолы оңай болған жоқ, өйткені қарсыластарымыз мықты болды. Бірақ жеңісті қолдан бермей, облыстан барған 7 спортшының төртеуі әлем чемпионы болып оралды. Алда талай жарыстар болады, өзіміздің мықтылығымызды әлі де дәлелдейміз, деді спортшы Нұрбек Кенжабай.