Президент кейбіреулердің полицейге әдейі тиісетінін айтты

Тәулік бойы сақадай сай болу үшін ерекше қажыр-қайрат пен төзімділік қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Баршаңызға мәлім, Ішкі істер министрлігі – мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратын құрылым. Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу – аса маңызды міндет. Азаматтардың және бүкіл мемлекеттің қауіпсіздігі осы міндеттерге тікелей байланысты.

Тәртіп сақшыларының қызметі оңай емес. Күні-түні жұмыс істейтін кездер жиі болады. Қауіп-қатер де бар. Тәулік бойы, яғни 24 сағат бойы сақадай сай болу үшін ерекше қажыр-қайрат пен төзімділік қажет. Себебі қиын жағдайға тап болған жандар, ең алдымен, полициядан көмек күтеді. Азаматтарымыз сіздерге мемлекеттің, яғни биліктің өкілі ретінде қарайды. Қауіп-қатерден қорғайды деп сенеді. Сондықтан сіздерге әрдайым орасан зор жауапкершілік жүктеледі.

Жалпы полицияның сапалы жұмысы ел үшін, халық үшін өте қажет. Біз бәріміз, біртұтас қоғам болып полиция қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет. Дәл осындай қолдауды біз міндетті түрде көрсетеміз. Полиция қоғамда халықтың құрметіне ие мамандықтың бірі болуы керек. Ал полиция қызметкерлері, ең алдымен, өз еліне, халқына адал қызмет етуге тиіс. Сондықтан біз қазір ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріп отырмыз», - деді Қ.Тоқаев.

Полицияның жоғары деңгейдегі өкілдері университеттерге, мектептерге барып, заңдарды жастарға түсіндіруі керек. Мемлекет басшысы алқа мәжілісінде осылай деді.

«Келесі бір маңызды мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Полицияның жоғары деңгейдегі өкілдері университеттерге, мектептерге барып, заңдарды жастарға түсіндіруі керек. Әсіресе, заң бұзудың салдарын анық көрсетуі қажет. Өкінішке қарай, біздің жастарымыздың арасында заң сауатсыздығы кеңінен таралған, басқа сөзбен айтқанда, жастарымыз заңды білмейді, заңды сақтаудың мән-маңызын түсінбейді. Ал мұндай құқықтық сауатсыздықтың салдары өте ауыр. Мен әрбір жиында қоғамымызда заң үстемдігі болу керек, соның негізінде тәртіп болу керек деп айтып жүрмін. Полиция қызметкерлері осы қарапайым тұжырымдаманы халыққа, азаматтарға, әсіресе, жастарға жеткізуі керек», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Полиция қызметкері заңға бағынатын адамға құрметпен қарауы керек.

«Жалпы заңға бағыну мен құқық бұзушылықтың ара-жігін нақты ажырата білу қажет. Тағы да қайталап айтамын. Қоғамда Заң мен Тәртіп қатаң сақталуы керек. Сонда ғана еліміз өсіп-өркендейді. Бұл – мызғымас қағида. Қылмыскерлермен күрес ымырасыз жүргізілуге тиіс. Бірде бір құқық бұзушылықты елеусіз қалдыруға болмайды. Мұнда ұсақ-түйек деген жоқ», - деді Президент.

Қ.Тоқаев полиция мамандары заңға бағынатын азаматтарға құрметпен қарауы тиістігін атап өтті.

«Полиция қызметкері заңға бағынатын адамға құрметпен қарауы керек. Ал тәртіп бұзушылармен заң аясында сөйлесу қажет. Адамды азаптауға, қинауға, тыйым салынған тергеу тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс. Күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артады. Әрине, қоғам тарапынан да құрмет болуы керек. Халықтың түсінігінде полиция азаматтарды қорғаушы, қолдаушы, қылмыстың алдын алушы, заңның орындалуын қадағалаушы болуға тиіс. Өкінішке қарай, қазір ел арасында полицияның келбеті, беделі дәл сондай деп айта алмаймыз. Тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбау, оған қоқан-лоқы көрсету, тіпті, күш қолдану дұрыс емес. Осындай әрекеттерді доғару керек. Мұндай жағдайда бұзақылар жауапсыз қалмауы қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Офицерлердің арасында кәсіби білікті, антына адал азаматтар көп. Сондай қызметкерлер өзгелерге, әсіресе, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Осындай үздік қызметкерлерді қолдау қажет.

«Әлеуметтік желіде полицияға қатысты түрлі бейнежазбалар бар. Кейбір адамдар қасақана арандатушылық жасайды. Сондай кезде ұстамдылық танытып, дөрекі әрекеттерге жол бермеу өте маңызды. Тәртіп сақшысы сауатты сөйлеп, өзін лайықты ұстауы қажет. Полиция қызметкері заңдарды анық білуге тиіс, яғни еліміздің заңдарын жұртқа қарапайым тілмен түсіндіруге дайын болуы қажет. Сонда ғана полиция мен халық арасында мызғымас келісім болады. Әрине, офицерлердің арасында кәсіби білікті, антына адал азаматтар көп. Сондай қызметкерлер өзгелерге, әсіресе, жастарға үлгі-өнеге көрсетуде. Осындай үздік қызметкерлерді қолдау қажет. Ерлік көрсеткен офицер, сержанттар туралы жұрт білуге тиіс. Бұл – біздің тиісті министрліктің және жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті. Өздеріңізге мәлім, мемлекет ішкі істер органдарының жұмысын әрдайым жоғары бағалайды», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.