Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде өткен кеңесте Президент батыл бастамалар мен маңызды мәселелерді көтерді. Әсіресе, ақпараттық технологияларды дамытуға зор көңіл бөлу қажеттігін өте орынды айтып отыр.
Тың технологиялар еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге септігін тигізері хақ. Озық технологияның тілін тапқанда ғана біз басқа дамыған елдермен бәсекеге түсе аламыз.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бірқатар проблемаkардың барын да жасырмады. Инфляцияның өсуі, әлемдік экономикадағы тұрақсыздық, мемлекет қарызының көбеюі, түрлі сауда-саттық жолындағы кедергілер халықтң тұрмысын қиындататыны рас. Президент өзі көтерген бастамалар мен реформалар тығырықтан шығуға көмектесетінін айтты. Қалай болғанда да, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту – басты міндет екені айтпаса да түсінікті.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы білім беру сапасына қатысты проблеманы да айналып өтпеді. Жоғары көрсеткіштің соңынан қуамыз деп мұғалімдер де, оқушылар да сапалы білімнен алшақтап бара жатыр. Сабақ үлгерімі жақсы болғанымен, Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы көңіл көншітпейді. Екеуінің арасында жер мен көктей айырма бар. Сол сияқты, әлемдік рейтингтен де жоғары орын бұйырмай отырғаны сондықтан. Аталған мәселені шұғыл шешпеске болмайды. Бұл біз үшін де өте маңызды. Себебі, студенттер сабақ барысында алған білімдерін кейін біліктілік емтихандарында да көрсете білуі керек.
Президент бала қауіпсіздігіне де айрықша тоқталып өтті. Бұл үшін үй жағдайында ата-ана жауапты болса, ал, студенттер үшін біз жауап береміз. Осы орайда, оқу ордасы мен жатақханалардың кіре-берісінде қатаң бақылау жүйесі орнатылған. Барлық аудиториялар мен дәрісханаларда бейнекамералар бар.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдарға зор міндет жүктеді. Яғни, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және халық тұрмысын жақсарту бағытында көрегенділік пен белсенділік танытуды тапсырды. Мен мұны Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің бірінші басшысы, әрі облыстық мәслихат депутаты ретінде жете түсініп, айтылған ұсыныстармен толықтай келісемін.
Саламат ИДРИСОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы – ректор