Дияс Әдібекұлы – үздік сақшы атанды

Тәуелсіз елдің топырағында дүниеге келген өреңдер егемендікпен бірге есейіп, бой түзеуде. Сол жастардың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Атырау қаласындағы 5546 әскери бөлімі атқыштар ротасында сақшы қызметін атқаратын ефрейтор Дияс Әбдібекұлы.

 Дияс Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Т. Жүргенов ауылында дүниеге келген. Бала кезінен спортқа бейім жас жігіт білектілер сынға түсетін қол күресінен 2018 жылы Ақтөбе облысының чемпионы атанған. Сондай-ақ басқа да облыстық, республикалық жарыстарда білектілігімен көзге түсіп, жүлделі орындарға ие болған. Дияс үшін жетістікке жету спорт саласында ғана емес, қызмет жолында да зор маңызға ие. Әрі атқарып жүрген қызметіндегі әрбір оқиғаның қиындығы мен қызығы – өзіне мол тәжірибе жинақтауға ықпал етуде.

 - Әскери салада қызмет атқару – мен үшін үлкен абырой. Себебі, ел қауіпсіздігі – Тәуелсіздіктің басты жетістігі. Сол сенімге жауапкершілікпен қарап, Қазақстанды өркендету үшін кішкентай болса да өз үлесімді қоссам деймін. Бұл бағытта әрмен қарай да талмай еңбек етуді жалғастырамын, - дейді келісімшарт бойынша әскери қызметші.

Әскерге сарбаз атанып келген ол Отан алдындағы борышын абыроймен атқара жүріп, әскери салаға қызығушылық танытқан. Сөйтіп, өмір жолын әскермен тоғыстырып қазіргі таңда қылмыстық атқару жүйесін күзетушілердің арасында маман (оператор) яғни сақшы қызметін атқаруда. Қызметіне адал да алғыр әскери қызметші әріптестерінің арасында абыройлы, сыйлы азамат. Соның бір дәлелі Дияс Әбдібекұлы әскери бөлімде 2023 жылдың «Үздік сақшысы» аталымына ие болған.

Білікті маман, қырағы сақшы, спорт чемпионы – міне, бүгінгінің нағыз үлгі тұтар азаматы осындай болса керек-ті. Сақшымыздың қызмет жолында да ел сенімінен шығатындығына еш күмәніміз жоқ. Ендеше, әріптесіміздің әр басқан қадамына сәттілік тілеп, бұдан былай да жеңісті күндерің көп болғай дегіміз келеді.

 

Сұхбаттасқан қатардағы сарбаз  Бақытжан Серіков