АTPress.kz. 5 қаңтар. Ішкі істер органдарының қызметкерлері көлікті тоқтату үшін арнайы таяқшаларды қолданбайды деген заң шыққалы халық арасында әр түрлі пікір айтылып кетті. Тұрғындар жіті түсінбеген соң әлеуметтік желілерде әлдекімнің қиялынан туындаған
АTPress.kz тілшісі көпшіліктің талқысында жүрген көкейкесті сауалдарға байланысты Атырау облыстық ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметінің басшысы Нұрым Оразбаевтың пікірін тыңдаған еді.
Жүргізуші өз құқын қалай қорғайды?
Нұрым Оразбаевтың айтуынша, жаңа жылдан бастап енгізілген «жаңалықтың» халық дұрыс түсінбей қалған бір тұсы бар. Шұғыл іздестіру шаралары барысында жол-патрульдік полиция қызметкері көшеде тұрып, іздеу жарияланған көліктерді қолмен тоқтата алады.
- Мұны дұрыс түсініп алу қажет. Көлікті тоқтатқаннан кейін жүргізуші тарапынан полиция қызметкерінің әрекеті қаншалықты заңды екеніне қатысты сұрақ туындауы мүмкін. Көптеген жүргізушілер бірден басшылықтың ресми хатын талап етеді. Оны да жақсы білеміз. Алайда, жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, жол полициясы қызметкері тек өзінің қызметтік куәлігін ғана көрсетуі тиіс. Басқа құжаттарды көрсетуге міндетті емес. Мәселен, ертең біреуді жолдың жиегінде тұрған бір полицей қолмен тоқтатып, шұғыл іздестіру шараларының басталғанын және көліктің қылмыс жасалған машинаға ұқсайтынын мәлімдесе, кез келген көлік жүргізушісі «102» телефон нөміріне қоңырау шалып, іздестіру шарасы жүріп жатыр ма, жоқ па, анық біле алады, - деді Жергілікті полиция қызметінің басшысы Нұрым Оразбаев.
Қолмен белгі берсе де жүргізушілер тоқтауға міндетті
Жаңа өзгерістерге сәйкес, жол қозғалысы ережелерін толығымен автопатруль бақылайды. Ал, қаланың кіре берісіндегі өткізу бекеттерінде, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен шұғыл іздестіру шаралары кезінде жол-патрульдік полиция қызметкерлері көліктерді қолмен тоқтата алады. Жергілікті полиция басшысы мәлім еткендей, ендігіде полицейлер көлікті тоқтату үшін қолын көтеріп: «Тоқта!» - деген белгі береді және сонымен бірге, ысқырықты немесе арнайы дыбыс күшейткіш және жарық беретін құралдарды қолданады. Сондай-ақ, жол ережесін бұзушылар автопатрульмен тоқтатылатын болады.
Атырау қаласындағы жол-патрульдік полиция қызметінде қазір 50 астам көлік бар. Бүгінгі таңда облыс әкімдігінен қосымша 100 тарта автокөлік бөлініп отыр. Оның жиырмасы Атырау қаласына тиесілі. Бұл автокөліктер қала аумағындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толықтай жеткілікті.
- Мұндай тәжірибені қазақстандық полицейлер Еуропаның бірқатар елдерінен иемденіп отыр екен. Еліміз алға даму үшін не істесе де қолдаймыз. Жол полицейлері жүргізушілерді нақты себептермен ғана тоқтатып, жүргізушінің уақытын қадірлесе болғаны. Қазір техника, технология дамыған кез. Жолдың бəрін автоматтандырып, көшелерде фотоаппарат, видекамералардың санын көбейтсе тұрғындар арасында мәдениетті арттыруға да септігін тигізеді деп есептеймін, - дейді атыраулық жүргізуші.
Пікірлерді жазып алған Нұрбейбіт Нұғыманов