АTPress.kz. 11 қаңтар. Атырау облысында өткен жылдың қорытындысы бойынша 134 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған. Олардың 96 мыңға жуығы жол қозғалысы ережесін бұзу бойынша тіркелді.
Облыстағы құқық қорғау қызметкерлерінің 12 ай бойы атқарған жұмыстары Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды. Атырау облыстық ішкі істер дапартаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Әлібек Қайровтың айтуынша, қазіргі кезде жол көлік оқиғаларын азайтуға, заңбұзушылықтарды сейілтуге толық мүмкіндік туып отыр. Облыс көлемінде 514 жеке құрам жол патрульдік полиция қызметкері жұмыс жасайды. Оларда 138 автокөлік бар. Алдағы күндері қосымша тағы 45 автокөлік берілмек.
- Қызметкерлеріміздің барлығы жетонмен қамтамасыз етілді. Әр қызметкерде өзінің жұмыс уақытына байланысты 8 сағатқа, 12 сағатқа дейін видеожетон қосылып тұрады. Яғни, кез келген полиция қызметкері көшеде заңбұзушылықты анықтаған жағдайда автоматты түрде видеорегистратрына жазылады. Сондай-ақ, облыс бойынша 3 «АвтоУраган» көлігіміз бар. Ол арқылы автокөліктердің жалған нөмірмен жүргендігін, жүргізушінің қанша айыппұл арқалағандығын толықтай анықтауға мүмкіндігіміз бар, - дейді Әлібек Қайров.
Өткен жылы құқықбұзушылықтарға жол берген 2700 жүргізуші куәлігінен айырылған. Жыл қорытындысы бойынша заң бұзғандарға 994 млн теңге айыппұл салынды.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет Рахым Қойлыбаевтікі