Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде сессия өтті

Өңірде «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру» республикалық форсайт сессиясы өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Форсайт сессияның мақсаты – азаматтық қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру, алдын алу шараларымен таныстыру.

Аталған жиынға «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Семғалиев, төрағаның орынбасары Бейбіт Мамраев, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиев қатысты. Сонымен қатар іс-шараға «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс республикалық қоғамдық бірлестігі өңірлік филиалдарының директорлары онлайн форматта, қоғамдық бірлестіктің Атырау облысы филиалының кеңес мүшелері және квазимемлекеттік сектор мамандары мен ЖОО профессторлары қатысты.

Жиын барысында әр спикер сөз алып, баяндамаларын оқып, кейін пікір алмасу бөліміне жалғасып, ұсыныстар тыңдалды.

- Комиссия тікелей сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасап, қоғамдық бақылау жүргізеді. Жыл басына бері көптеген іс-шаралар өтті, мекемелермен кездесіп, қоғамдық сараптамаларға қатысып келеміз. Ондағы басты мақсат - сыбайлас жемқорлыққа байланысты тәуекелдерді анықтау және жол бермеу. Алда әлі де түсіндерме жұмыстарды жоспарлап отырмыз. Ең алдымен халыққа кеңінен насихаттау арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға болады,- деді Атырау облыстық Қоғамдық кеңестің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық бақылау, құқық қорғау мәселелері жөніндегі комиссиясының төрағасы Асхат Иманғалиев.

Айта кетейік, сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 14-15 наурызда Атырауда өткен үшінші Ұлттық Құрылтай кезінде «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» баяндамасында нақты айтып, ұсыныстар тастаған болатын.