ATPress.kz. 12 маусым. Атырауда шекараны заңсыз кесіп өткен азамат жауапқа тартылды.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, қазақстандық азамат Ресей Федерациясына кіруге тыйым салынғанын біле тұра, 2018 жылдың сәуір айының 10-нан 11-не қараған түні, сағат шамамен 23.10-да «Құрманғазы» өткізу пунктінен тыс Ресейдің мемлекеттік шекарасына өтіп кеткен. Яғни, ол Қиғаш өзеніне дейін көлікпен жетіп, судан өту үшін балықшымен 5 мың рубльге келіскен.
Кейін 2018 жылдың 11 сәуірі күні сағат 4.00-де Астрахань қаласына қарай бара жатқанда Ресей Федерациясының Федералдық Қауіпсіздік қызметінің шекара басқармасының қызметкерлерімен ұсталған.
2018 жылдың 13 сәуірінде екі ел өкілдерінің кездесуі барысында, айыпты азамат Қазақстан Республикасының жағына берілген.
Сотта ол өз кінәсін толық мойындап, жасаған қылмысына өкінді.
Сот кінәлі азаматқа қатысты қылмыстық әрекеті үшін шартты түрде 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Айқара Ғұмар
Фото arnapress.kz сайтынан алынған