Бес айда Атырауда 8 келіге жуық есірткі тәркіленді

Облыс көлемінде заңсыз айналымнан 7кг 961 грамм әр түрлі есірткі заттары тәркіленді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінен білгеніміздей, қылмыскерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жасаған қылмыс көлеміне байланысты бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасы бастығының орынбасары Роман Ермұханов баспасөз брифингінде мәлімдеді. 

- Соңғы уақытта жастар арасындағы заңсыз есірткі айналымы өзекті мәселеге айналды. Қазіргі уақытта қала тұрғыны заңсыз «фито зертхана» ұйымдастырғаны анықталып, ұсталды. Одан барлығы 68 түп сора өсімдігі тәркіленді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары мен ішкі істер органдары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және басқа да құқық қорғау органдары бірқатар жедел және профилактикалық іс-шара өткізуде, - деді Р.Ермұханов.

Өңірде жыл басынан бері мұндай құқық бұзушылықтың 74 түрі тіркелді. Тәртіп сақшылары қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу үшін халықпен бірқатар іс-шара жүргізеді. Десе де есірткі қылмысы азаймай тұр. Мәселен, өткен жылы дәл осы бағытта 5кг 487 гр заңсыз есірткі заттары тәркіленсе, биыл бұл көрсеткіш 3 кг-ға жуық өскен.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ