Еңбек инспекциясы басқармасымен 90 жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 43 заңнаманы бұзу фактісі анықталды. Аталған заңсыздықтарды жою туралы 29 ұйғарым енгізіліп, 35 әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде заң бұзғандарға 8,8 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының м.а Кемел Иманғалиев баспасөз брифингінде мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жыл басынан бері басқармаға 1200-ден астам өтініш тіркелген. Оның ішінде 1159-ы мемлекеттік еңбек инспекторларымен қаралса, қалғаны өзге құзырлы мекемелерге жолданған. Осы кезеңде еңбек саласы қатынастары бойынша 938 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды.
К.Иманғалиевтің айтуынша, басқармаға келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі - жұмысшының еңбекақысына байланысты.
-Жұмысшының еңбекақысын төлемеу және кешіктіру жағдайларына жол бермеу мақсатында тиісті уәкілетті органдармен түсіндірме жүргізілуде. Тексеріс нәтижесінде облыстағы 8 мекеменің 75 жұмыскері алдына 43,2 млн теңге жалақы берешегі бары анықталды. Қабылданған тиімді шаралардың нәтижесінде қызметкерлердің жалақылары төленіп, еңбек құқықтары қорғалды,- деді К.Иманғалиев.