ATPress.kz. 15 маусым. Бүгінде «Бекіре» жедел алдын алу іс-шарасы аяқталғанымен, балық өнімдерінің заңсыз айналымына тосқауыл қою жұмыстары жалғасуда.
Биылғы маусым айында облыстық ІІД-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Қызыл кітапқа енген бекіре балықтарын тасымалдаушы екі азаматты анықтаған. Бірінші факті - Балауса мөлтек ауданында тіркелді. Мұндағы кафе жанында жеңіл көлікке тиелген 35 келі бекіре тұқымдас балық тәркіленген.
Су маржанын заңсыз алып өтпекші болған келесі азамат Химпоселок мөлтек ауданында ұсталды. «Nissan Primera» автокөлігінің жүк салғышынан табылған балықтардың жалпы салмағы 85 келіні құрап отыр.
Бүгінде аталған екі фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 339 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Айта кету керек, ІІД-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері 5 заң бұзушылықты анықтап, 300 келіден аса бекіре тұқымдас балық пен 10 келіге жуық қара уылдырық тәркілеген.
Жалпы «Бекіре-2018» көктемгі маусымы кезінде құқық қорғаушылар 200-ден астам құқық бұзушылықтың жолын кескен.
Айқара Ғұмар