Атырауда «Бабалар аманаты» алаңы ашылды

Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкілі Н.Исаев және тілді дамыту бойынша бас маман Г.Рзабек «ЕЛСАНА» руханият-патриоттық қауымдастығы «Атырау облысы Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен ұйымдастырылған «Бабалар аманаты» билер мен шешендер алаңының ашылу іс-шарасына қатысты.

 

Бұл туралы Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім етті. Аталған іс-шараның мақсаты - қазақтың шырайлы тілін дамыту, қоғам мүшелерін мемлекетшілдікке тәрбиелеу, бабалардан жеткен асыл мұраны жас ұрпақтың бойына сіңіру. Ел арасындағы ауызы дуалы, ойы жүйрік, тілі шешен жандардың басын қосып, «Билер мен шешендер» мектебін қалыптастыру болып табылады.

Кездесу соңында Билер кеңесінің мүшелері даналық сөздерін айтып, екі жақты меморандум жасақтау, сонымен қатар, білім ошақтарында түсіндірме жұмыстарын өткізу, тілге шешен, ұшқыр ойлы интеллектуалды дамыған жастарды таңдау секілді алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспары айқындалды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ