Атырауда 500-ге жуық онлайн алаяқтық тіркелді
Ғаламторды қолданушылар артқан сайын, ондағы қылмыс та кемудің орнына өсуде. Жәбірленушілердің арасында әлеуметтік мәртебесі әртүрлі азаматтар мен 25 пен 45 жас арасындағы жастарда бар. Бұл туралы Атырау облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы кибер қылмысқа қарсы күрес тобының аға жедел уәкілі Асхат Нұрманов мәлім етті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өңірде интернет алаяқтықтың бірнеше түрі дамыған. Олар: жоқ тауарларға алдын ала төлем ақы алу, банк, ұлттық қауіпсіздік қызметкері болып хабарласып, түрлі айла-тәсілмен тұлғаның жеке ақпаратына қол жеткізіп, онлайн қарызды рәсімдеу және тағы басқалар.
А.Нұрмановтың айтуынша, әлеуметтік желілерде шыққан сенімсіз, әртүрлі жарнамаларға толыққанды көз жеткізбей, байланыспаған жөн.
⁃ Алаяқтардың негізгі белгілері – тек орыс тілінде сөйлеседі, «WhatsApp» желісі арқылы хабарласады және психологиялық қысым жасайды. Яғни, сөйлесу барысында ойлануға мүмкіндік бермей, асықтырады. Сізге орын алған жағдайды ешкімге, тіпті банк қызметкеріне де айтпауыңызды сұрайды.
Қазіргі алдаудың бір түрі – желіге дауыс бер, бағала деген сынды әртүрлі сілтеме жібереді. Осылайша алаяқ сіздің желіге кіруге қол жеткізіп, өзіңізге қатысты ақпаратты алады. Осал жеріңізге қарап, түрлі жолмен алдайды. Соның бірі туысқандарыңызға сіз болып қарыз сұрайды. Жалпы айтқанда бүгінде ғаламтордағы алаяқтықтың түрі көп, сондықтан әрдайым сақ болу қажет,- деді А.Нұрманов.
Айта кетейік, былтыр облыста 747 ғаламтордағы алаяқтық қылмысы тіркелген. Жергілікті тұрғындар оларға 400 млн теңгеге жуық қаржысын бергені анықталып отыр.