Қазақстан халқына" қорына түскен қаржының жалпы көлемі 100 миллиардқа жақындады.
Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлайды.
Ресми мәліметке сәйкес, 16-28 қаңтар аралығында қор шотына барлығы 93,3 миллиард теңге аударылды. Ал өткен жұма күні бірден 40,8 миллиард түскен.
Атап айтқанда:
"ERG КӨМЕК" корпоративті қоры – 30 миллиард теңге;
"Халық" қайырымдылық қоры - 10 миллиард теңге;
Диас Төлеутайұлы Сүлейменов – 450 миллион теңге;
"Банк Центр Кредит" АҚ - 200 миллион теңге;
"Көліктік сервис орталығы" АҚ - 150 миллион теңге.
"Қор басшылығы қаражаттың қайда жұмсалғанын ашық көрсетіп, есеп беретінін мәлімдейді. Ақша Қазақстан халқының игілігіне, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім, мәдениет және спорт проблемаларын шешуге бөлінеді", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылды. Негізгі мақсаты – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала, мәдениет және спорт салаларындағы нақты мәселелерді шешу.