ATPress. 5 мамыр. Атырау Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ассамблеяның ХХІV сессиясында қабылданған «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі туралы кеңінен түсінік берілді.
Брифингте сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов өз сөзін Қазақстан 1991 және 2000 жылдар аралығында үлкен экономикалық дағдарысқа душар болғанынан бастады.
- Кеңес Одағы құлады да, жаңа экономикалық жүйе қалыптастыру керек болатын. Осы орайда мемлекетіміз талай сындардан өтті. Одан бері қарайғы уақытта өнеркәсіп өнімдері артып, жылдан-жылға экономика түзеліп келеді. Бұл Тәуелсіздіктің арқасында орын алған жағдай. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай етіп сақтасақ қана, ел боламыз, мемлекет боламыз, – деді мәжіліс депутаты.
- Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жеткен жарқын жетістігіміздің бірі бұл - Астана қаласын салу. Бүтін бір қаланы салу, біздің тарихымызда болмаған жағдай. Бұл үлкен жаңалық. Экономикалық қана емес, үлкен рухани серпіліс! – деп атап өтті Қ. Сұлтанов.
Оның айтуынша, бұл мемлекет ішіндегі бірлік, ынтамақ пен татулықтың арқасында жеткен жетістік. Ел бірікпей, бір жұдырық болып жұмылмаса, ешқандай экономикалық реформалар жасай алмаған болар едік.
- «Мәңгілік Ел» дегеніміз - ұлттық құндылықтарымызды қорғау, руханиятымызды қорғау, тіліміздің ортақтығы, мемлекет тұтастығын қорғау. Осындай құндылықтарымызды сақтау арқылы біз – ұлтымызды, ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында қабылданған «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі осындай үлкен мазмұнға ие мәселелерді қамтиды. Өз кезегінде бұл халықтың бірлігін сақтауға септігін тигізері сөзсіз, - деп қорытындылады өз сөзін Қуаныш Сұлтанов.
Даурен Бекбол
Суретті түсірген Әнуар Әбілғазиев