ATPress. 5 мамыр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сапар Ахметов Өңірлік комуникациялар қызметінде журналистермен болған кездесуде елдегі экономика саласында орын алып жатқан оңды өзгерістер туралы баяндап берді.
Өз сөзін ол мемлекетіміз тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде бірқатар жетістіктерге жеткенін, сонымен қатар үлкен сынақтар мен қиындықтардан өткендігінен бастады. Бұл уақыт ішінде тек мемлекет қалыптасқан жоқ, сонымен қатар мемлекетіміздің шекарасы бекітілді. Бұл қыруар еңбек екенін ескеруіміз керек. Бұл жұмыстың басы-қасында Елбасымыз жүргенін де естен шығармауымыз керек екендігін тілге тиек етті.
- Әлде де алда үлкен сынақтар болары сөзсіз. Бірақ саяси тәуелсіздік, әлеуметтік жетістіктеріміз, сонымен қатар экономикалық жетістіктеріміз де болуы керек. «Нұр Отан» пратиясының сайлауалды тұғырнамамыздың басым бөлігі экономика саласына бағытталды. «Нұр Отан» партиясы құрылған 17 жылдың ішінде елдің ЖІӨ 17 есеге өсті, экономикамыздың деңгейі 21 есеге артқан. Соңғы 10 жыл ішінде елімізде 70 млн. шаршы метр тұрғын үй құрылысы аяқталып, қолдануға берілді. Бұл бұрын соңды болмаған меже, - дей келе, еліміздегі соңғы 10 жылда экономика бағытында 28 сала іске қосылғанын атап өтті.
Атап айтар болсақ, машина жасау, вагон, электровоз бен тепловоз шығару сынды жаңашыл бағыттар бар. Тағы бір айта кететін мәселе біздің ұлттық қорымыз 69 млрд. долларға көбейді. Бұл дегеніңіз, қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде экономикамызды тұрақтандыруға зор ықпал етері сөзсіз.
Оның айтуынша, соңғы жылдардағы жүзеге асырылып келе жатқан, мықты жобаларға тоқталсақ, олардың ішіндегі инновациялық бағыттағы ең сәттісі бұл – Астана. Астананың дамуына салынған инвестициялар мен жұмсалған еңбек ресурстарының қайтарымы бар. Қазіргі уақытта Астана, Атырау облысы және Алматы қаласымен тең дәрежеде республикалық бюджеттің доноры болып отыр.
- Біз 6 технологиялық кезеңнің, 4-ші инновциялық революциясы қарсаңында тұрмыз. Қазіргі кезде бүкіл әлем елдері инвестиция көздерін тарттырумен айналысып жатыр. Егер біз болашағы жарқын, қалыптасқан мемлекеттің тұрғыны атанғымыз келсе, міндетті түрде бірлігіміз бен тұрақтылығымызды сақтауымыз керек. Сонда ғана біз өз мемлекетімізге инвестиция тарттыра аламыз. Өйткені шетелдік ірі компаниялар мен магнаттар тек тұрақтылығы қалыптасқан және келісімі мен бейбітшілігі келіскен елге ғана өз инвестицияларын құяры сөзсіз, - деп сөзін аяқтады Сапар Ахметов.
Даурен Бекбол
Суретті түсірген Әнуар Әбілғазиев