Жылыойда Нұргүл Жұмағалиеваның шығармашылық кеші өтті

Жылыой ауданында дәстүрлі әнші, термеші Нұргүл Жұмағалиеваның «Сайра, бұлбұл» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Шығармашылық кеште өнерпаз өзінің бірқатар әндерін орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті. Сондай-ақ әнші концертте анасына арналып жазылған жаңа әнінің тұсауын кесті.

Ән кешінде аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров:

«Халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда ауданымыздың намысын қорғап, оза шауып, мәдениет пен өнердің рухани қазынасына өз үлесіңізді қосудасыз. Киелі сахнада ұлттық бояуы қанық, рухы асқақ әндеріңізбен талғампаз көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келесіз. Өнер жолындағы үздіксіз ізденіс, табиғи дарын, шығармашылық қуатыңыз сізді үнемі биік бастамаға жетелейді. Өнер-адамзатты мәңгілікке бастауыш сүрлеу. Сол сүрлеумен қазақ елінің де сүрінбей, келешек ұрпаққа мол мұра қалдырарына сенеміз. Сізді шын жүректен құттықтай отырып, мерейіңіз үстем, деніңіз сау болып, шығармашылықта үлкен жетістіктерге жете беруіңізге тілектеспін. Ел мәдениетін дамыту жолындағы еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз» деп игі тілегін білдіріп, аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.

Кеште Жылыой халықтық ұлт аспаптар оркестрі мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Возможно, это изображение 7 человек