АTPress.kz. 10 желтоқсан. Жыл басында журналистер мен фототілшілер арасында тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік Ел» шығармашылық конкурсы жарияланған болатын. Конкурстың жалпы жүлде қоры - 2 млн.теңге.
Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған байқау бүгін «Атырау-Ақпарат» баспасөз клубында қорытындыланды. Салтанатты жиында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева: «Байқау еліміздің және Атырау облысының 25 жылда жеткен жетістіктері мен дамуы туралы материалдарды БАҚ-да жариялаған журналистерді ынталандыруды мақсат етті. Конкурсқа 22 мерзімді баспа мен сегіз теле-, радиоарна жыл басынан бері 124 материал ұсынған. Олардың ішінен 9 журналистің материалдары конкурс талаптарына сай келмегендіктен, қатыстырылмады», - деді.
Конкурстың жүлделі бірінші орыны мен 500 мың теңге сыйлығы «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетовке бұйырды. Жүлделі екінші орын мен 300 мың теңге сыйақысын облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Гүлжан Елешева мен «Қазақстан-Атырау» телеарнасының режиссёрі Ботагөз Қарабалаева еншілесе, ардагер фототілші Қайролла Қабдешов, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Айдар Сабиров және «Мұнайлы Астана» газетінің тілшісі Құттыгерей Смадияр үшінші орын тұғырынан көрініп, 200 мың теңге сыйақысына ие болды.
Ал, жүлдеден бөлек мадақтау сый әрқайсысы 100 мың теңгеден 3 адамға бұйырды. Оны облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің фототілшісі Әнуар Әбілғазиев, Мақат аудандық «Мақат тынысы» газетінің бас редакторы Гүлзада Салықова, «Қазақстан-Атырау» телеарнасының тақырыптық хабарлар редакциясының редакторы Ақмарал Мединамова жеңіп алды.
«Облысымызда соңғы жылдары журналистерді ынталандыру, марапаттау шарасы жиілеп жүргендігі қуантады. Аталмыш шараларға ұйтқы болып жүрген ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Мұның өзі қалам ұстаған қауымға құлшыныс, серпіліс беретін дүние. Алдағы уақытта да еліміздің өркендеуіне, тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында еңбегімізді арттыра беретін боламыз», - дейді «Мәңгілік Ел» шығармашылық конкурсының жеңімпазы Исатай Балмағамбетов.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Суреттер «Прикаспийская коммуна» газетінің редакциясынан алынды