27 наурыз Театр күні аясында Құрманғазы аудандық Көшекбаев мәдениет үйінде өткен театрлар фестивалінде Зәмзәм Исмагулов халық театры О.Жанайдаровтың “Жұт” драмасын сахналады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Екі заманды қамтыған пьесадағы оқиға желісі 1930 жылдары ашаршылық жайлаған қазақ даласында өтеді. Пьесада небәрі бес кейіпкер бар. Жұттан тірі қалған атасының тағдыры жайлы әңгімелеп беру үшін мәскеулік журналист Еленамен (актриса Сымбат Мейрамқызы) кафеде кездесетін Ербол (актер Болат Бидуллаев) Мәскеуге жұмыс бабымен Алматыдан келген. Эпизодтық көріністерде кафеге келген «азиаттарды» жақтырмайтын «саяси сауаты төмен» даяшы қыз (актриса Гүлмира Шарапова) бар.
1930 жылдардағы ашаршылық қамтылған екінші көрініс киіз үйдің ішінде өтеді. Негізгі кейіпкерлер – Ерболдың атасы Ахмет ( Самат Саламатов) пен оның бірінші әйелі - Сәуле (актриса Жазира Сарсенғалиева). Көрермен аштықтан қайтыс болған үш жасар баласын енді ғана жерлеп келген, кішкентай нәрестелері қалған ерлі-зайыптыларды көреді. Аздаған сауаты бар Ахметке жұмыс табудың сәті түседі. Оның күнделікті тапқан тамағы отбасын аштықтан құтқаруға жетеді. Бірақ әйелі оның партия активіне жалданып жұмыс істегенін құптамайды. Ол байдың қызы болған соң «өңкей кедей-кепшік жиналып, бұрынғы байлардан өш алғысы келеді» деп жаңа үкіметті жақтырмайды. Ал Ахмет «олардың жұмысы ғой» деп партия активін ақтауға тырысады. Бірақ әйелі байдың қызы болғандықтан, көп ұзамай Ахметті жұмыстан шығарып, отбасына аштық қатері тағы төнеді. Екеуінің сәбиі ауырып, шетінеп кетеді. Қайғыға шыдамаған Сәуле өз-өзіне қол салады. Көз жұмарында күйеуіне «елдің оңтүстігіне кетіп, жаңа әйел тап, ұрпағыңды жалғастыр» деп өтінеді.
Киіз үйдегі көріністер алматылық Ерболдың атасының құжаттары мен қойын кітапшасы негізінде мәскеулік журналистке айтқан әңгімесі бойынша қойылған. Ербол журналист қыздан осы тақырыпта әңгіме жазып шығуды сұрайды. «Қазақстанда неге жазып шығармайсыз?» деген сұраққа Ербол «бізде мұндай дүниелерді шығармайды» деп жауап береді. Драматург әрі Автор Жанайдаров отбасы қасіреті арқылы халық трагедиясын көрсетеді. Залдағы лық толы халық режиссер Самат Саламатовтың және актерлердің берген эмоцисын жүрекпен сезіне білді.
Актерлер халықтың қошеметіне боленіп, фестивальдің қорытындысымен З.Исмагулов халық театры “Үздік қойылым” номинациясымен марапатталды.