Қызылқоғада академик Зейнолла Қабдоловқа арналған кеш өтті

ATPress.kz. 15 желтоқсан. Ежелден ерлік пен елдіктің мекені болған Қызылқоға өңірінде талай билер мен батырлар, жыраулар мен ақындар, жазушылар түлеп ұшқан. Солардың бірі – биыл дүниеге келгеніне 90 жыл толып отырған Халық жазушысы, әдебиет зерттеушісі, ұ

Заңғар жазушының 90 жылдығына орай Миялы ауылында «Арман» мәдениет үйінде «Әдебиет әлемінің саңлағы» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Айтулы шараға ауыл тұрғындарымен бірге Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, З. Қабдолов атындағы қор директоры, ақын, жазушы Бекет Қарашин және Атырау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова арнайы қатысты. 

Кеш шымылдығы «Арман» және Жангелдин мәдениет үйлерінің өнерпаздары ұсынған жазушының «Сөнбейтін от» қойылымының үзіндісімен ашылды. Слайд арқылы Зейнолла Қабдоловтың өмірдеректері, жарық көрген шығармалары кеңінен баяндалды. Сонымен қатар, кеш қонақтары мен тұрғындар алдымен аудандық орталық кітапхананың ұйымдастырған жазушының сегіз томдық шығармалары, «Дана дидар», «Менің Әуезовым», «Біз жанбасақ» және басқа да романдары мен «Сөз өнері» монографиясы, З.Қабдолов туралы жазған қазақ жазушыларының естеліктері қойылған кітап көрмесін тамашалады.

Айта кетелік, Көздіғара ауылдық округіне қарасты Ақкөл елдімекенінде дүниеге келген жазушының қаламынан туған тұңғыш көлемді шығармасы «Өмір ұшқыны» 1956 жылы жарық көрді. Жұмысшылар табы туралы ең үздік туындылар санатында «Жалын» романы КСРО Жазушылар одағы жариялаған бүкілодақтық байқауда арнаулы сыйлық алса, М. Әуезовтың 100 жылдық мерейтойына арнайы жазылған «Менің Әуезовым» атты роман-эссесінде ұлы қаламгердің ұстаздық феноменін таныту арқылы оның әдеби бейнесін жасау тәжірибесін жаңа сапаға көтерді. Ал, «Арна» зерттеу-сын-эссесі, «Жанр сыры», «Сөз өнері» монографиялары, «Жебе» әдеби толғаныстар мен талдаулары, «Көзқарас» талдаулар мен толғаныстары, «Әдебиет теориясының негіздері» еңбектері студенттер мен мұғалімдердің және жазушы-журналистердің қажет кітаптарына айналды. «Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Бірінші дәрежелі сыйлығының лауреаты атанды. Алматы қаласындағы мекен-тұрағы болған Желтоқсан көшесіндегі №132 үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылып, қаладағы көшелердің біріне жазушының есімі берілді.

 

Бауыржан Бердіғалиев