ATPress.kz. 15 ақпан. Биыл Құрманғазы ауданының құрылғанына 90 жыл толады. Күй өңірінің 85 жасқа толуы, кезінде айрықша салтанатты жағдайда атап өтілгені жұртшылықтың есінде.
Осы мәселеге байланысты Құрманғазы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан белсенділері, ел ағалары, ардагерлердің қатысымен жиналыс өтті. Мәжіліс барысында осы мәселеге орай арнайы комиссия құрылғаны белгілі болды. Оның төрағасы Құрманғазы ауданы әкімі - Бибоз Шаяхметов. Одан әрі ұйымдастыру - көпшілік, мәдени-спорттық шаралар барысын сөз етті. Қорытынды салтанатты жиналыс, мерейтой есебіндегі халықтық басқосу қыркүйек айы деп шешілді.
Ауданның атын иеленген Құрманғазы бабамыздың туғанына биыл 195 жыл толады. Осы атаулы күнмен орайластырылып, ауданда халықаралық күйшілер сайысы өткізілмекші. Ауданның арғы-бергі тарихын жырға қосқан аудандық, облыстық ақындар айтысы болады деп күтілуде. Өзіміздегі халық театрларының көмегімен аудан өмірінің шежіресін баян еткен қойылым көрсетілмекші. Үлкен сынға ұшырап жүрген Құрманғазы бабамыздың қазіргі тұрған бейне-белгісін ауыстырып, оның орнына сәулетті ескерткіш орнатуға алыстағы-жақындағы қаржылы азаматтардың көмегі қажет деп ұйғарылды.
Белгілі өлкетанушы-тарихшы, бұл істен үлкен тәжірибесі бар, ауданның Құрметті азаматы Асқар Ғұмаровқа тапсырылып отырған энциклопедия шығаруға да білікті азаматтардың патриоттық үлесі, жан-жақты көмегі қажет-ақ. Ауданның 90 жылдығы қарсаңында жаңа мектептер, балабақшалар, спорттық кешендердің тұсауы кесілмекші.
Т. Дәрелұлы