«Qazaqstan» арнасының жаңа маусымдағы жаңалықтары қандай?

ATPress.kz. 26 ақпан. Қазақ телевизиясының 60 жылдығы қарсаңында еліміздің бас арнасы «Qazaqstan» қандай жаңалықтарымен ерекшеленеді?

«Қазақстан» корпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қарин осы мәселеге байланысты арнаның жоспарларымен бөлісті», - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақ телевизиясының 60 жылдығы биыл наурыздың 16-да аталып өтеді. Үлкен салтанатты жиын мен бірқатар шаралар ұйымдастырылады. Біз бұл жұмысты бірнеше ай бұрын бастап кеткен едік. Ақпан айында Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде үлкен конференция өтіп, өзіміздің аудиториямызды аштық. Болашақта осындай аудиторияны Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ашуды жоспарлап отырмыз», - деген Ерлан Қарин аптаның әр жексенбісі сайын алтын қорда сақтаулы, кезінде көрермен көңілінен шыққан бағдарламалардың көрсетіліп жатқанын атап өтті.

«Мәселен, Ақселеу Сейдімбек, Сұлтан Оразалин, Сағат Əшімбаев қатысқан бағдарламалар эфирден берілді. Бұдан кейін де танымал тұлғалар жайлы бағдарламалар көрсетілетін болады. Сондай-ақ, алпыс жылдықтың аясында 12-16 наурыз аралығында біздің эфирде қазір көпшілікке танымал бағдарламаларды жүргізуге ардагер журналистеріміз шығатын болады. Яғни, жаңалықтарды, басқа да бағдарламаларды жүргізуге кезінде ұлттық арнада қызмет еткен, Қазақ телевизиясының дамуына үлесін қосқан ардагер журналистер шығады. Осылайша, телевизия саласының дамуына үлес қосқан тұлғаларды тарту арқылы, ұрпақтар сабақтастығын жалғағымыз келеді», - деді Ерлан Қарин. 

 

Бек Әзберген