АTPress.kz. 14 желтоқсан. «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» мега-жобасының символын бүгін қала әкімі Серік Шәпкенов аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевқа табыстады.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған эстафетаның қорытынды шарасы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Естеріңізде болса, «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» мега-жобасының эстафетасын бастауды облыс әкімі Нұрлан Ноғаев 8 қыркүйек қала күніне орай өткен шарада Құрманғазы ауданына тапсырған болатын.
Облыстың жеті ауданы мен жүзге жуық ауылдарын аралап келген жоба бүгін Атырау қаласында қорытындыланып, қала тұрғындарына салтанатты кеш сыйлады. Мерекелік жиында Құрманғазы, Махамбет, Исатай, Индер, Қызылқоға, Мақат, Жылыой аудандарынан келген үздік өнерпаздар өнер көрсетті.
Шарада сөз алған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев:
- Халқымызда «Өткеніңді білмей, болашағыңды болжау қиын», деген даналық сөз бар. Мега-жобаның мақсаты Қазақстанның, соның ішінде Атырау облысының осынау жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктерін насихаттап, ұрпақ бойында патриоттық сезім қалыптастыру. «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы құндылықтарын жүзеге асыруға барлық азаматтардың белсенділікпен қатысуына мүмкіндік жасау. Қазақтың еркіндікке жету тарихында мыңдардың қаны, миллиондардың көз жасы жатыр. Мұны өскелең ұрпақ естен шығармауы тиіс, - деді.
Салтанатты шараға қонағы - облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Өтешов:
- Бүгінгі мереке қазақстандықтардың төл мерекесі. Тәуелсіз Қазақстан ширек ғасыр ішінде орасан жетістіктерге қол жеткізіп, өзін әлемге мойындата білді. Қазіргі кезде Қазақстандағы жұмысшыларының 90 пайызы қазақ ұлтын құрайды. Мұның өзі ауыз толтырып айтарлықтай жетістік. Азат елде біліммен қаруланған тәуелсіз ұрпақ өсіп келеді. Егемендігіміз баянды болғай, - дейді.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет Ерлан Алтыбаевтікі